Әскери бөлім қызметшілерін және олардың отбасы мүшелерін деструктивті діни ағымдар идеологиясынан сақтандыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау мақсатында №41433 әскери бөлімінде Иманғали орталық мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаевтың қатысуымен арнайы кездесу өтті.
Кездесу барысында наиб имам Мұрат Мұстафаев деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың қоғам мен отбасыға тигізер зияны, сондай-ақ радикалды идеологияның алдын алу жолдары жөнінде кеңінен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, дәстүрлі ислам дінінің адамгершілікке, бірлік пен татулыққа негізделген қағидалары туралы насихат айтылды.
Іс-шараға әскери қызметшілер жеке құрам сарбаздары да қатысып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Кездесу соңында дін саласындағы тұрақтылықты сақтау, жастарды теріс ағымдардың ықпалынан қорғау бағытында бірлескен жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Осындай рухани-ағартушылық кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.





