Жастарды жат ағымнан сақтандыру – ортақ іс

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында еліміздегі барша дін қызметкерлеріне жолдаған Бағдарлық баяндамасында мүфтият 2023 жылы бес бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін мәлімдеген болатын. Олар – дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру.

Қазір имамдар халықтың діни сауатын ашу, жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру бағыттары бойынша ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, соңғы 9 айдың есебі бойынша қалалық, облыстық, аудандық, ауылдық мешіттер жанынан ашылған сауат ашу курстарында 23 665 адам алғашқы діни сауатын ашты. 7 417 адам Құран оқи алатын дәрежеге жетті. 5 258 адам намазға жығылды. Діни сауат ашу курстарында білім алған азаматтарда деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясына қарсы имунитет қалыптасты.

Жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Бұл – барлық мүфтиден бері жалғасып келе жатқан асыл міндет. Мүфтияттың діни оңалтуға жауапты мамандары өткен жылы қоғамдық орындар мен түзеу мекемелерінде 9928 жеке ықпал ету акцияларын (жеке кездесулер) жүзеге асырды. Жұмыс нәтижесінде жалпы 1477 адамға оң ықпал жасалды. Атап айтқанда, 773 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді және 704 адам деструктивті діни ағым идеологиясынан бас тартты. Бүгінде мүфтият жанынан құрылған Ғұламалар, Ақсақалдар, Сарапшылар кеңесі жастарды жат діни ағымдардан сақтандыру жұмыстарына белсене араласуда. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі Ислам құндылықтарын үздіксіз дәріптеп келеді. Осы бағытта мүфтият «Дәстүрлі Ислам жауһарлары», «Дін мен дәстүр», «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Толық адам» кітаптарын шығарды. Жыл соңына дейін «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томдары, «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Дін мен дәстүр ІІІ» еңбектері жарық көреді. Аталған кітаптар дәстүрлі дінімізді дәріптеуде таптырмас құрал болмақ. Әлі де атқарар жұмыс көп. Барша азамат осындай ортақ мақсаттар жолында бірлесе қызмет етуі керек. Жастарды жат ағымнан сақтандыру – баршаға ортақ іс.

Қазіргі таңда имамдарға «Исламда ән айту, музыкалық аспаптарды қолдану дұрыс па?» деген сұрақтар жиі қойылуда. Бұған қатысты Ислам ғалымдарының пікірі бар. Мысалы, Исламдағы үлкен ғалымның бірі Имам Шәфиғи: «Өлең ол бір сөз. Сондықтан оның жақсысы жақсы, жаманы жаман», – деген. Имам Әбду әл-Ғани ән-Нәбулуси әл-Ханафи: «Музыкалық аспаптардан шығатын дыбыс харам емес. Өйткені құстардың сайрағаны да әуен. Ғалымдардың бір ауызды келісімімен құстың әуені харам емес. Ал егер ол бекершілік, харам нәрселермен араласса сол уақытта тыйым салынады», – деген.

Ислам ғұламаларының пікірі бойынша, ізгілікті насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, мысалы арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған. Ғұлама Абдул-Ғани ән-Нәбулуси өзінің кітабында: «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі әуенге байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін әуендерге байланысты болса керек» (әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет) деп жазады.

Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз саналған домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Жырауларымыз ел басына күн туған шақта батырларымызды жігерлендіру мақсатында қара домбыраны қолға алып, жыр айтып отанды қорғауға үндеген. Бұл жырлар жауангерлерімізге рух берген.

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:

Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана!» деп Қадыр Мырза Әлі ақын айтқандай, домбыра – көненің көзі, бабадан қалған асыл мирас, құнды қазына, ұлттық рух. Әртүрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Демек, домбыра – ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан қастерлі мұрамыз.

Кейбір дін ұстанған жастарымыз әлеуметтік желіде «домбыра шерту – харам», «сәлем салу – харам» деген мағына пікір айтқан сәтте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақтама, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға шақырып, ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдеген болатын.

Осы ретте барша азаматқа айтарымыз: дінге қатысты қандай да сұрақ туындаса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандарына немесе осы бөлімнің облыс, қалалардағы өкілдеріне хабарласу қажеттігін қаперге саламыз.  

Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ,

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы