Пандемия жағдайына байланысты, кез келген адамның саулығы қоғамдық орындарда жүруге жете бермейді. Сол себепті, атыраулықтарға ыңғайлы болуы үшін, «Мәулімберген» мешіті ашық аспан астына садақа жәшіктерін орнатып отыр.
«Жәшіктердің дені мешіт шарбағына орнатылды. Ондағы мақсатымыз – санитарлық талаптардың сақталуына мүмкіндік жасау. Бұдан бөлек, жамағатқа «каспий. кз» қосымшасы арқылы да пітір садақа беруге мүмкіндік бары айтылуда. Әрине, пітір садақаны мұқтаждарға да беруге болады. Бастысы, ұстаған оразамыз, берген садақамыз қабыл болсын» дейді Атырау қаласының Тасқала ауылында орналасқан «Мәулімберген» мешітінің имамы Мақсот Бағытжанов.
Еске сала кетелік, бүгін қасиетті Рамазан айы басталды. Биыл ораза 30 күн. Пітір садақа мөлшері – 420 теңге.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.