Атырау облысында 21 540 адам Құрбан айт намазына қатысты

Атырау өңірі де Құрбан айт мерекесін кең көлемде атап өтуде. Таңғы сағат 6:30-да облыс аумағындағы барлық мешіттерде айт намазы оқылып, халық көптеп жиналды. Жалпы есеппен облыс бойынша 21 540 адам қасиетті мейрамның алғашқы рәсіміне қатысып, дұға-тілектерін арнады.

Атырау қаласындағы орталық «Иманғали» мешітінде мерекелік рух ерекше сезілді. Мыңдаған жамағат мешіт ауласын толтырып, таңғы салқынмен Аллаға мадақ-дәріп айтып, бір-бірімен қуанышын бөлісті. Айт намазын Атырау облысының Бас имамы Болатбек Абуов жүргізіп, жамағатқа арнап мазмұнды уағыз айтты.

«Құрбан айт – тек құрбандық шалу ғана емес, жан дүниені тазартып, айналаңа қайырымдылықпен қарау күні. Бұл күн – бауырластық пен берекенің, сабыр мен иманның жеңген күні,» – деді Бас имам уағызында.

Айт намазы Атырау облысының барлық жеті ауданында – Исатай, Қызылқоға, Индер, Мақат, Құрманғазы, Жылыой және Махамбет аудандарында да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауылдық мешіттерде де жамағат белсенділік танытып, қасиетті күнді ерекше ықыласпен қарсы алды.

Айт намазынан кейін облыс көлемінде құрбан шалу рәсімі басталып, арнайы бекітілген орындарда санитарлық талаптарға сай құрбандықтар шалынды. Құрбан еттері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы аналар мен қарттарға таратылуда.

Облыс бойынша имамдар мен еріктілерден құралған арнайы топтар қайырымдылық шараларын үйлестіріп, мереке қарсаңында жүздеген отбасына көмек көрсетілді. Сонымен қатар балаларға арналған ойын-сауық, мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды.