Атырау қаласында қасиетті Құрбан айттың алғашқы күні құрбан шалу рәсімімен басталды. Таңғы сағат 6:30-да айт намазы оқылған соң, арнайы белгіленген орындарда алғашқы құрбандықтар шалынды.
Орталық «Иманғали» мешітінде жиналған жамағаттың алдында Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы құрбандық шалу рәсімін дұғамен бастап берді. Ол өз сөзінде бұл мейрамның мұсылман қауымы үшін рухани тазару мен ізгілікке қадам басатын ерекше күн екенін атап өтті.
«Құрбан шалу – жүректегі ықылас пен мойынсұнудың, адамгершілік пен бауырмалдықтың көрінісі. Бұл күн — тек қана мал шалумен шектелмейді. Ол мұқтажға қарайласу, Аллаға жақындау, жақыныңа жанашыр болу күні,» – деді Бас имам.
Қаланың бірнеше жерінде құрбан шалуға арналған орындар ұйымдастырылып, әрбір рәсім санитарлық талаптарға сай өтуде. Құрбандық еттері мұқтаж жандарға үлестірілмек. Құрбандық шалу рәсімі айттың үшінші күніне дейін жалғасады.






