Бүгін Атырау облысының барлық мешіттерінде Құрбан айт намазы жергілікті уақыт бойынша таңғы 6:30-да оқылды. Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай орталық «Иманғали» орталық мешітінде жамағат жиналып, айт намазына қатысты.
Айт намазын Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жүргізіп, жамағатқа арнап уағыз-насихат айтты. Уағыз барысында ол Құрбан айттың рухани және әлеуметтік мәніне тоқталып, құрбан шалудың үкімі мен оның мұсылман өміріндегі маңызын түсіндірді.
«Құрбан шалу – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасқан сүннет. Бұл – Аллаға деген шүкіршілік пен ықыластың белгісі. Сонымен қатар, қоғамдағы бауырмалдықты арттыратын игі амал», – деді Болатбек Ұласқанұлы.
Айт намазынан кейін жамағат бір-бірін Құрбан айт мерекесімен құттықтап, мешіттерде қайырымдылық шаралары, спорттық ойындар ұйымдастырылды. Мұқтаж отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі.












