Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Әкелер форумына қатысты

Атырауда N44 мектепте әкелер форумы өтті. Іс – шараға Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, әкелердің бала тәрбиесіндегі ролі туралы насихат айтты.

«Әке – балаға үлгі. Әке өзін үйде, түзде қалай ұстайды? Не киеді, қайда жүреді, уақытын қалай өткізеді? Абайдың айтуынша, бала үш ортадан тәрбие алып шығады. Ата-анасы, мектебі, араласатын ортасы. Осы үш нәрсені түзеу маңызды. Әке жар таңдаумен ғана шектелмей, өзінің болашақта қандай әке болатынын да ойлауы керек.

Әкенің балаға назар аудармауы – қасірет. Балаңа 5 жасына дейін патшадай қара, 12 жасқа дейін құлша жұмса, 18 жастан кейін жолдасыңдай сырлас деген. Ұрып-соғу, айғаймен тәрбиелеу – бос сөз. Баланың ішкі дүниесін құндылықтармен толтырмасаңыз, қуыскеуде болып өсуіңіз мүмкін. Қорыта айтқанда, ата-ана баланың жақсы қасиетін көре біліп, жақсы қасиеттерін дамытуға маңыз беруі керек» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Іс-шарада сондай ақ, Атырау облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Шота Қуанышұлы, полиция майоры Жеңіс Бозаев тәжірибелерімен бөлісті.
N44 жалпы білім беру мектебінің директоры Абай Ақмурзиевтің айтуынша, мақсат – әкелерді бала тәрбиесіне қатыстыру. 100-ге жуық әкелер қатысқан шарада спикерлер қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.