Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы кездесу барысында игі істерге демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлерге алғыс айтты.
Кездесу барысында Атырау мешіттерінде атқарылып жатқан діни ағарту, әлеуметтік бағыттағы жобалар тақырыптары талқыланды.
Шараны жүргізген Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы рухани кештің басты мақсаты елімізге, халқымызға дінімізге жанашырлық таныту екендігін атап өтті.
» Болашақ ұрпақтарымызға қалдыратын игі істерді бірлесіп атқаруымыз қажет.
Ашығын айту керек, бүгінгі таңда мешіттеріміз – құлшылық, сонымен бірге тәрбие мен ізгі істердің ордасына айналды. Мешіттерімізде шәкірттерге діни, рухани білім берілуде. Сонымен бірге, қайырымдылық жобалары жүзеге асырылуда.
Айталық, түрлі бағыттағы қайырымдылық шаралары арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жетім және жартылай жетім балаларға, жалғызбасты, көп балалы аналарға қаржылай, азық-түліктей көмек көрсетілуде. Сонымен бірге, мүфтият іске қосқан » Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында мұқтаж шаңырақтарға баспаналар берілуде.
Яғни, мешіттеріміз бүгінде осал топтарға тұрақты қолдау көрсететін рухани, әлеуметтік ірі алаңға айналды» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Рухани шараға Алматы қаласынан арнайы келген кәсіпкер, мотиватор Сырымбек Тау өзінің кәсіптегі, қайырымдылық жұмыстарындағы тәжірибесімен бөлісті.
«Қазір жария садақа жасаудың уақыты келген сияқты. Өйткені, істеп жатқан дүниеміз өзгелерге үлгі болып жатса, бұл керемет нәтиже» деп атап өтті ол.
Жиын барысында Ибрагим Аманбайұлы, Әсел Бауыржанқызы және басқа да кәсіпкерлер сөз алып, жаңа бастамаларды қолдауға шақырды. Сондай ақ, Атырау облысында салынып жатқан заманауи медресенің болашақтағы жобасы таныстырылды. Және жас ұрпаққа рухани тәрбиемен ұласқан діни білім беру мақсатында қала, аудан орталықтарынан қайырымдылық мекемелерін салуға өзара уағдаласты.
Еске сала кетелік, Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткен іс – шара «Sultan Palase Hostel» демеушілігімен өтті.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.