АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕ РАМАЗАН АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ТАРАУИХ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ

Бүгін қасиетті Рамазан айының алғашқы тарауих намазы оқылды. Атырау облысы мешіттерінде өткен тарауих намазына 21 мыңға жуық жамағат қатысып, қасиетті айды құлшылықпен қарсы алды.

Тарауих намазы барысында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жамағатты қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, насихат айтты. Бас имам өз сөзінде Рамазан айының рухани тәрбиедегі орны, сабыр мен тақуалықтың мәні, ауызбіршілік пен қайырымдылықтың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Сондай-ақ қасиетті ай барысында облыс мешіттерінде Құран хатымдар жасалып, жамағатпен бірге Құран Кәрім толық оқылады. Бұл игі амалдар Рамазан айының рухани мазмұнын арттырып, жамағаттың діни білімін тереңдетуге бағытталған.

Аймақ мешіттерінде тарауих намаздары Рамазан айы бойы тұрақты түрде өткізіліп, түрлі рухани іс-шаралар жалғасын табады.