Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының төрағалығымен өткен жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ІҮ республикалық Имамдар форумында қабылданған құжаттар кеңінен талқыланды.
«Өздеріңізге берлгілі, имамдар форумында «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» құжаттары қабылданды. Мәселен, «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде зират көтерудің үкімдері, зират көтеру мәдениеті, теңдік ұстанымы, құлпытас қою мәдениеті, зират құрылыстары мен кесене салу түрлері қамтылған.
Құжаттың екінші бөлімінде – зиярат жасаудың әдебі, зиратта ескерілуі тиіс жайттарға айрықша мән берілген. Бұл құжаттар көптеген мәселелерді біріздендіруге жол ашады. Біздің міндетіміз – осы құжаттарды халық арасына кеңінен дәріптеу. Осы ретте онлайн форматтағы уағыздарды көбірек пайдалану керек» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Жиынға Атырау қаласы және облысқа қарасты аудандардың имамдары, діни қызметкерлер онлайн форматта қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.
Аталған құжаттар жұртшылық арасында орындалатын діни рәсімдерді бірізділікке келтіруге және зияткер имам мәртебесін беруге лайықты дін қызметкерлерін іріктеуге оң ықпалын тигізбек.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.