АТЫРАУДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ТУ КӨТЕРУ ШАРАСЫ ӨТТІ

Атырау облыстық Дін істері басқармасының қолдауымен, “Жәрдем Атырау” КҚ-ның ұйымдастыруымен Иманғали орталық мешіті алаңында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. «Бір ту астында – бір ел, бір дін» атауымен өткен бұл рәсімде Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көтерілді.

Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, елдік бірлікті нығайту, конфессияаралық келісімді дәріптеу, сондай-ақ рухани құндылықтар мен отансүйгіштікті ұштастыру арқылы діндарлар арасында елге деген адалдық сезімін күшейту.

Салтанатты жиында Атырау облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Рахметұлы және облыстың бас имамы Болатбек Абу арнайы сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің маңызы мен ел бірлігіндегі рөлін атап өтті.

– Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұмары. Ел Туының астында барша азаматтар бір мақсатқа жұмылып, ортақ мүддеге қызмет етуі – бірліктің белгісі. Бұл шара – рухани сабақтастық пен ұрпақ санасына патриотизмді насихаттаудың жарқын үлгісі, – деді басқарма басшысы Қаһарман Рахметұлы.

Өңірдің бас имамы Болатбек Абу өз сөзінде дін мен дәстүр, рухани құндылықтар мен мемлекет мүддесі бір-бірінен ажырамайтын тұтас ұғым екенін айта келе, әрбір мұсылманның еліне адал болу – имандылықтың көрінісі екенін жеткізді.

Салтанатты рәсімге дін қызметкерлері, мешіт жамағаты, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар Мемлекеттік Туға құрмет көрсетіп, еліміздің амандығы мен бірлігі үшін дұға жасады