АТЫРАУДА МЕШІТ ШӘКІРТТЕРІ АРАСЫНДА «АЖУРУМИЯ» КІТАБЫН ЖАТҚА АЙТУ САЙЫСЫ ӨТТІ

Атырау қаласында мешіт шәкірттері арасында «Ажурумия» кітабын жатқа айту бойынша сайыс өтті. Байқауға аталған кітап бойынша тұрақты дәріс алып жүрген 22 шәкірт қатысты.

Сайыс «Әт-Тақуа» мешітінде ұйымдастырылды. Шараның ашылуында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, өз сөзінде араб тілін меңгерудегі «Ажурумия» кітабының маңыздылығына ерекше тоқталды. Бас имам бұл еңбектің Құран аяттары мен хадистерді дұрыс түсіну, діни мәтіндерді сауатты талдау үшін берік негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Сонымен қатар сайыс өткен мешіттің имамы Айтжан Оңғарбекұлы шәкірттерге сәттілік тілеп, білім жолындағы еңбектеріне береке тіледі.

Байқау барысында білікті ұстаздар алқасы қатысушылардың жатқа айту деңгейіне, тақырыпты түсіндіруіне, келтірген мысалдарының нақтылығына ерекше мән беріп, қорытынды бағаларын шығарды.

Сайыс қорытындысы бойынша:
– І орын – Хамидоллаев Дүйсенбекке 50 000 теңге,
– ІІ орын – Қасымов Абылайханға 30 000 теңге,
– ІІІ орын – Кубейсінов Рахматуллаға 20 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Сонымен қатар үш шәкіртке ынталандыру сыйлықтары берілді.

Айта кетейік, сайысқа қатысқан шәкірттер «Ажурумия» кітабы бойынша Қуаныш Есешов, Әт-Тақуа мешітінің ұстазынан бір ай бойы үздіксіз дәріс алып келеді.

Дәріс барысында ҚМДБ мүфтият баспасынан жарық көрген еңбектің қазақша аудармасы да кеңінен пайдаланылды. Сабақтарда араб тілінің сөйлем құрылысының ерекшеліктері, сөйлемді талдау тәсілдері басшылыққа алынып, шәкірттерге теориялық біліммен қатар практикалық машық берілді.

Бұл өз кезегінде араб тілін үйрену барысында Құран аяттары мен хадистерді, сондай-ақ өзге де діни мәтіндерді дұрыс әрі терең түсінуге үлкен мүмкіндік береді. Ұстаздар аталған әдістеменің діни білім берудегі маңызы зор екенін атап өтті.