Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен қала және аудан имамдарының қатысуымен Құрбан айт мерекесіне дайындық жөнінде жиын өтті. Басқосуға Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Рахметұлы да қатысты.
Жиын барысында құрбандық шалуға байланысты жұмыстарды ұйымдастыру, мешіттерде айт намазын өткізу, санитарлық талаптарды сақтау және қайырымдылық шараларын үйлестіру мәселелері жан-жақты қаралды.
«Құрбан айт – бірлікті, мейірімділікті насихаттайтын ұлық мейрам. Осы орайда, құрбан шалу рәсімін шариғат талаптарына сай әрі елге ыңғайлы ұйымдастыру – басты мақсатымыз. Қасиетті күндері мұқтаж жандарға көмек көрсету, мерекелік атмосфера қалыптастыру жұмыстарын да назарда ұстаймыз», және ҚМДБ тарапынан берілген құрбан айтқа қатысты жоспар негізінде жұмыстарды жүйелі жүргізуді басты назарға ұстаңыздар,– деді Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы.
Өз кезегінде облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Рахметұлы:
«Қоғамда Құрбан айтқа қатысты түрлі сұрақтар туындауы мүмкін. Сондықтан халыққа дұрыс әрі түсінікті ақпарат беру маңызды. Сонымен қатар, мереке кезінде қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөлу қажет», – деп атап өтті.
Жиын қорытындысында әр аудан мен қала бойынша нақты тапсырмалар беріліп, дайындық жұмыстарының жүйелі жүруі қадағаланатыны айтылды.












