Алдымен облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөз алып, жиналған жамағатты Республика күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде бабалар аңсаған азаттық пен тәуелсіздіктің құндылығы, оны сақтау жолындағы рухани бірліктің маңызы туралы насихат айтты. Сонымен бірге келген арнайы мейман – ҚМДБ Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Шымкент қаласы Ордабасы мешітінің бас имамы Ералы Сапарбайұлын жамағатқа таныстырды.
Кездесу барысында қонақ имам жамағатпен жылы жүздесіп, дін мен дәстүрдің бірлігі, дін қызметкерлерінің қоғамдағы орны, және жат ағымдардан сақтану тақырыптарында насихат айтты.
Ералы Сапарбайұлы өз сөзінде:
“Біздің халқымыздың дәстүрі мен діні ешқашан бөлек болған емес. Ата-бабамыз исламды өмір салтына айналдырып, оны салт-дәстүрімен үйлестіріп ұстанған. Сол себепті дініміз бен дәстүрімізді қатар алып жүру – бәріміздің міндетіміз.
Ал жат ағымдар осы бірлікті бұзғысы келеді. Сондықтан әр мұсылман дұрыс ақпаратты мешіттен, имамдардан алуы керек,” – деді.
Жиын соңында жамағат көкейдегі сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды. Осындай кездесулер қоғамда рухани тұрақтылықты нығайтуға, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.








