Атырауда Республика күніне орай қазақ күресін «Жамағат барысы» турнирі өтті

Атырау қаласында Республика күні мерекесіне орай мешіт жамағаттары арасында қазақ күресінен дәстүрлі «Жамағат барысы» турнирі өтті.

Шара барысында алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, балуандар сап түзеді.

Ашылу салтанатында Иманғали орталық мешітінің наиб имамы Қанағат Қалыбайұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілегін арнады:

«Бүгінгі ұйымдастырылып отырған “Жамағат барысы” турнирі — тек күш сынасу ғана емес, бауырмалдық пен ынтымақтың көрінісі. Қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық күресін насихаттау арқылы біз имандылық пен салауатты өмір салтын қатар дәріптейміз. Республика күні қарсаңында дін мен дәстүр бірлігін нығайтатын шарамызға қош келдіңіздер. Алла Тағала баршаңызға денсаулық, бірлік пен береке нәсіп етсін», — деді ол.

Турнир 80 келіге дейінгі салмақта өтіп, 20 палуан өзара белдесті. Әрбір белдесуде намыс пен рух, төзім мен ерік-жігер сынға түсті.

Нәтижесінде:
Бірінші орын – Бейсен Жігер (Медет мешіті)
Екінші орын – Алдаберген Бекет (Ихсан мешіті)
Үшінші орын – Әнесов Ерасыл (Алмалы мешіті)

Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар, дипломдар және медальдар табыс етілді.

Турнирге Біржан Аманжанұлы, Аслан Елемесұлы, Бекзат Аянұлы сынды тәжірибелі спортшылар төрелік етті.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Ихсан мешітінің имамы Қанат Сердекешов турнирдің маңыздылығына тоқталды:

«Мешіт жамағатының осылай бір алаңда бас қосып, ұлттық спорт арқылы достық байланысын нығайтуы — бұл шынайы рухани және азаматтық тәрбие. Қазақ күресі — тек спорт емес, ол ердің жігерін, рухын шыңдайтын мектеп. Осындай игі шараларға жамағаттың белсенді қатысуы — қоғамдағы бірліктің айғағы», — деді имам.

Шара соңында қатысушылар мен көрермендер ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, турнир дәстүрлі түрде жыл сайын жалғасын табатынын жеткізді.