Атырауда жат ағымнан сақтандыру мәселесі қала және аудан бас имамдарына арасында талқыланды.
Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы төрағалық еткен мәжілісте жамағатты, жастарды жат идеологиядан сақтандыру жолдары айтылды.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі 4 жұмыс бағытының ішіндегі ең өзектісі және біздің өңір үшін өте маңызды бағыты жат діни ағымдардан сақтандыру болып табылады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының да дін қызметкерлеріне қойған басты талабыосы болатын. Қазақта «дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз бар. Бүгінгі таңда әр түрлі ағымдардың артынан еріп, адасып, ата дінінен алыстап жүрген бауырларымыз бар. Соларды дәстүрлі ислам жолына шақыру, оңалту, ағартушылық жұмыстарымызды жандандыруымыз қажет.
Сондай-ақ, қала орталығындағы мешіттердің негізгі статусы бар. Халық көптеп келеді. Сол үшін құлшылық үйлерінің тазалығы мен қауіпсіздігін басты назарға ұстаңыздар. Мешіттердегі күнделікті дәрістер мен насихат жұмыстарын бірізділікке түсіріп қадағалауды тапсырамын»,-деп атап өтті Бас имам.
Сондай-ақ жиын барысында діни оңалту бағыты бойынша өңірдегі жауапты маман Мұрат Жамаладдинұлы сөз сөйлеп, имамдарға аталған бағыт аясында жұмыс жасауды, ай сайынғы есеп толтыру үлгісін көрсетіп, қосымша ақпараттар берді.








