АТЫРАУДАҒЫ “ШАҢЫРАҚ” БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНЕ МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАНДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Зекет және қайырымдылық қорының өңірдегі өкілдерінің ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы «Шаңырақ» балалар үйіне қайырымдылық көмек көрсетілді. Игі шара аясында балалар үйіне заманауи үлгідегі 2 смарт теледидар табысталды.

Сондай-ақ қасиетті Рамазан айына орай балаларға тәттілер таратылып, мерекелік көңіл күй сыйланды.

Шара барысында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы балаларға арнап рухани насихат айтып, мейірім мен қамқорлықтың маңыздылығына тоқталды.

Арнайы қонақ, исламтанушы ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбет балаларға ізгі тілегін білдіріп, білім мен тәрбиеге ұмтылудың жарқын болашаққа бастайтынын атап өтті.

Өз кезегінде балалар үйінің басшылығы мен ата-аналары көрсетілген қолдау мен қамқорлық үшін алғыстарын білдірді. Қазіргі таңда аталған орталықта 28 бала тәрбиеленуде.

Игі шара қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын насихаттауға бағытталды.