Іссапар аясында ҚМДБ жанындағы Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, дінтанушы Дастан Сүлейұлы Атырау қаласына келді. Орталық “Иманғали” мешітінде өткен жиында оны Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жамағатқа таныстырып, сапарына сәттілік тіледі.
Жамағатпен жүздесуде Дастан Сүлейұлы ел ішіндегі бірлік пен діни тұрақтылықты сақтау туралы насихат айтты:
«Біз – бір үмбетпіз. Бір Аллаға құлшылық жасап, бір Құранға, бір Пайғамбарға (с.ғ.с.) ерген жамағатпыз. Осы жолда бірлігіміз бекем болуы керек. Себебі ауызбіршілігі жоқ қоғамда береке болмайды.
Бір ауылда бір имамға ұйып, соның төңірегінде жұмыла қызмет етсек, дініміз де, дәстүріміз де нығаяды. Жамағат арасындағы ынтымақ – діннің тірегі.
Әр мұсылманның жүрегінде рухани көкірек көзі ояу болуы қажет. Бұл – тек мешітке келумен емес, жүректегі ықыласпен, ықтиятпен қалыптасатын қасиет. Алла Тағала әрқайсымызға сол рухани сергектікті, жүрек тазалығын нәсіп етсін!» – деді РАНТ мүшесі.
Сапар барысында ол “Иманғали” орталық мешітінен бөлек, Атырау қаласындағы басқа да мешіттерде, түзету мекемелерінде, сондай-ақ Жылыой ауданында бірқатар кездесулер өткізеді деп жоспарлануда.




