Атыраулық ел ағаларының пікірінше, мешіттердің есігі әркез қарапайым халыққа ашық.
Бұл туралы Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев орталық «Иманғали» мешітінде өткен іс-шара барысында айтты.
«Бұрын мешіттер өз қазанында өзі қайнайтын. Қазіргі таңда мешіттердің қоғамдағы ролі өзгерді. Ағартушылық, қайырымдылық бағыттарында үлкен жұмыстар атқарылып отырғанына куәміз. Мұқтаждарға киім-кешек, азық-түлік, қаржылай демеумен бірге («Қайырымдылық керуені» жобасы Ред.), баспаналар («Ел үлесі – пәтерге» жобасы Ред.) берілуде. Ағартушылық, білім беру бағытында интернеттің, жаңа технологиялардың барлық мүмкіндіктері қолданылуда. Бұл мешіттердің әркез елмен бірге екендігін көрсетеді» деді Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев.
Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, білім саласының ардагері Серік Сапанов бұл пікірді қостап, мешіттер тарапынан атқарылып жатқан игі істерге оң баға берді.
Еске сала кетелік, кеше Атырауда зиялы қауым өкілдеріне «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы таныстырылды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.