Атырауда зиялы қауым өкілдеріне «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы таныстырылды (+ ФОТО)

Шара барысында руханият, дін, діл, тарих және дәстүр мәселелері кеңінен талқыланды.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы төрағалық еткен іс-шараға Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, білім беру саласының ардагері Серік Сапанов, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Арман Исаев, Атырау қалалық Құспан молла мешітінің имамы Эммат Ғұмаров  қатысты.

Алтынбек Ұтысханұлы Қазақстанда жат ағым өкілдерінің көбеюі – дәстүрді, тарихты білмеудің салдары екенін айтты.

«Себебі, жат ағымды таратушы лидерлердің дені – өзге ұлт өкілдері. Олар қазақтың дәстүрінен мақұрым. Осы себепті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дін мен дәстүр жылын жариялады. Ондағы мақсат – жас буынның санасына ықылым заманнан мұсылман болған халқымыздың салт-санасын, дәстүрін дәріптеу.

Биылғы жылдан бастап мүфтият ихсан ілімін насихаттап отыр. Осы бағытта Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты арнайы кітап та жарық көрді.

Ихсанның түпкі негізі «кез-келген нәрсені Алла көріп тұр» деген идеядан шығады. Жат ағымнан тыс, қоғамда аборт жасату, нашақорлық, ішімдікке тәуелділік сынды проблемалар жетерлік. Әлеуметтік желілер арқылы жат нәрселер жастар арасында кеңінен тарауда. Мұның барлығы сайып келгенде, адамның өз-өзін тәрбиелей алмауы себепті шығып отыр.

Қазақтың тарихын кеңінен зерттесек, өз заманында дініміз бен дәстүрімізді насихаттау жолында үлкен еңбек сіңірген діни қайраткерлеріміз болған. Бір ғана мысал, кезінде Индер ауданында Арал хазірет өткен екен. Ол өз заманында Жәңгір ханның бұйрығымен молдалық қызмет атқарған. Кезінде Атырау жерінде өткен діни қайраткерлеріміздің өмір жолын, еңбектерін насихаттау мақсатында жастарымыз арасында шығармашылық байқау ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.  

Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы  Қойшығұл Жылқышиевтың айтуынша, қарапайым адамдардың дінді тану мәселесінде үлкен қайшылықтар бар.

 «Себебі, адамдар дінді әлеуметтік желілер, интернеттен өзінше оқып алып жатыр. Осы ретте, дәстүрлі дінімізді тануға  «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы да ықпал етеді деп сенемін. Біз қазақпыз. Өзіміздің дәстүріміз, киім кию үрдісіміз бар. Дінді өз дәстүрімізбен ұштастырып ұстауымыз керек» деді спикер Қойшығұл Жылқышиев.

Және де ол  мешіт тарапынан атқарылып жатқан істерден елге бетбұрыс байқалып отырғанын атап өтті.

Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов қазіргі таңда мешіттің қоғамдағы ролі өзгергенін айтты.  

«Қайырымдылық, ағарту мәселесінде үлкен жұмыстар бар. Бұл мешіттің белсенділігі артып отырғанын көрсетеді. Мұның артында адам тәрбиесі мәселесі жатыр. Әрине, мешіттердің есігі әркез қарапайым халыққа ашық. Ендігі жерде ауылдық жерлердегі мешіттерге көбірек назар аудару керек. Және жат ағымдар аудиториясымен тікелей, мақсатты жұмыс істеуге көңіл бөлу қажет» деді ол.

Білім беру саласының ардагері Серік Сапанов «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын жастар аудиториясы арасында дәріптеуді ұсынды.

«Ихсан – мұсылмандықтың ең биік сатысы.   Мұсылман – көркем мінезді, ниеті де, тілегі де таза адам болуы керек. Сондықтан, «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы жоғары оқу орындарының кітапханасында болса деген ұсынысым бар. Және шет елде білім алғысы келетін  қазақстандық жастарды Әбу – Ханифа мәзһабы бойынша ілім беретін оқу орындарына ғана жіберсек. Асылында, біздің өткен тарихымызда қазақ мақтанатын дүниелер өте көп. Осы ретте, қазақ даласынан өткен діни, рухани лидерлеріміз туралы зерттеу кітаптарын шығарып, оқу орындарына тарату да артық болмайды. Тұтастай алғанда, идеологиялық мәселелер қазақ ұлтын біріктіруге бағытталуы қажет» деді спикер Серік Сапанов.

Еске сала кетелік, карантин талаптарын сақтау мақсатында шағын құрамда өткен шараға Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, білім беру саласының ардагері Серік Сапанов, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Арман Исаев, Атырау қалалық Құспан молла мешітінің имамы Эммат Ғұмаров  қатысты.

Шара соңында меймандар орталық «Иманғали» мешіті жанынан ашылып жұмыс істеп жатқан «Халық арна» телестудиясын, қайырымдылық мекемесін аралап көрді.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.