Адам баласы жаратылғалы бері байлыққа ұмтылып келеді. Құмартпайтын адам кемде-кем. Бірақ сол байлықтың шегі бар ма? Оған кім толық жеткен? Және сол байлық адамды шын бақытты етті ме? Бұл — ғасырлар бойы ойландырып келе жатқан сұрақ. Осы сұраққа жауап беретін тарихтың өзінде мысал жеткілікті. Соның бірі – Харун Рашид халифа.
Харун Рашид – алтынмен әдіптелген тақ, алайда тынышсыз жан
VIII ғасырда халифалық құрған Харун Рашид — Ислам тарихындағы ең қуатты билеушілердің бірі. Оның дәуірі ғылым мен мәдениеттің дамыған шағы еді. Сарайында мыңдаған қызметші, жүздеген кеңесші, алтын-күміс қазына толы. Сырттай қарағанда, бәрі бар: билік те, байлық та, атақ та, әскер де.
Бірақ тарихшылар жазбасында Харун Рашидтің өзіне үнемі сұрақ қоятын рухани ізденісте жүргені баяндалады. Бірде ол әйгілі тақуа кісіге келіп:
— Менде бәрі бар. Бірақ жанымда тыныштық жоқ. Себебі неде? – деп сұрайды.
Сонда әлгі ғұлама:
— Сен алтынды молайтып жатырсың, ал жүректі азықтандыруды ұмыттың. Байлық — сыртқы сән, бірақ шынайы байлық — жүректе, – деп жауап береді.
Харун Рашид қайтыс боларында:
«Алты патшалықты биледім, алтын тақта отырдым. Бірақ енді міне, жалаң қабірге бара жатырмын. Ештеңе ала алмаймын…»
– деп, жылап көз жұмғаны айтылады.
Бұл — байлыққа ешкім толық жетпейтінінің, оны мәңгі иелену мүмкін еместігінің бір дәлелі.
Сүлеймен пайғамбар – әлемді билеген, бірақ тәкаппарланбаған
Сүлеймен (а.с.) пайғамбар — Алланың ерекше нығмет берген құлы. Оған жел де, жануар да, жындар да бағынышты болды. Жер бетіндегі ең бай, ең қуатты адам болды. Бірақ ол:
«Бұл – Раббымның нығметі. Мені сынау үшін берілді. Шүкіршілік ете аламын ба, әлде менмендікке салынып кетем бе?»
деп әрқашан байлықтың аманат екенін ескеріп жүрді. Ол байлыққа ие болса да, оған байланып кеткен жоқ.
Осыдан-ақ, байлық адамның кім екенін көрсетпейді. Байлық – сынақ. Кімге берілсе – соның бойындағы адамгершілік пен рухани деңгей ашылады.
Қожа Ахмет Ясауи – байлықтан қашып, жүрек тыныштығын таңдаған
XI ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи – сопылық ілімнің өкілі. Оған даңқ пен атақ, байлық пен билік ұсынушылар көп болған. Бірақ ол дүниеден безіп, жер астына түскен. Себебі:
«Байлық – жүректегі Алланың орнын басып кетуі мүмкін. Ал мен сол жүректе тек Алла болуын қалаймын»
деген екен.
Ол кедейлікті емес, рухани байлықты таңдады. Оның «Диуани хикметі» — мәңгі мұра. Ал сол кездегі байлардың аты ұмыт болды.
Бүгін де адамдар көп жағдайда байлықты негізгі мақсат санайды. Әлеуметтік желілерде сән, көлік, үй, ақша көрсететіндер – идеалға айналып барады. Бірақ солардың көпшілігі іштей күйзелісте жүр. Себебі байлық – бақыт емес. Ол тек жол құралы. Ал мақсат – жүректің тыныштығы, рухани тұтастық, ішкі бақыт.
Байлық – адамды мәңгі бақытты ететін құрал емес. Ол сынақ, уақытша аманат. Тарихтағы ең қуатты патшалар да соны түсінбей өтті. Ал байлықтан безгендер – рухани байлыққа жетіп, ұрпаққа үлгі қалдырды.
Ешкім байлыққа толық жеткен емес. Себебі байлық – ешқашан толық болмайды. Бірақ адам – жүрек байлығына жетсе, міне, нағыз жеңіс – сол.
Нұркен Мағриденұлы