Алматы қаласында өткен «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ДІН ДҮРБЕЛЕҢІ»: КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ДІНГЕ ҚАРСЫ РЕПРЕССИЯЛЫҚ ШАРАЛАРЫ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Сатершинов «Қазақстандағы дінге қарсы саяси қуғын-сүргіннің өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
«Негізінде діндарларға қарсы саясат Патшалық Ресей кезінде басталды. Осы саясатты большевиктер жалғастырды. Оның дүниетанымдық негізі төркінін марксизмнен алған ленинизмнен басталды.
Билікті Сталин өз қолына алғаннан кейін сталинизм идеологиясына негізделген дінге қарсы саясат жүргізілді. Бұл саясаттың түпкі негізі, істеген қылмыстары барынша адамшылыққа қарсы антигуманистік сипатта болды» деді Бақытжан Сатершинов.
Сондай-ақ ғалым архив деректеріне сүйене отырып, дін қайраткерлері мен ұлт зиялылары арасында рухани байланыс болғанын алға тартты. Сол себепті дін қайраткерлеріне антисоветтік агитация жасады, контрреволюциялық әрекетке барды, шпионажбен айналысты дегендей айыптар тағылып, қуғын-сүргін көргенін атап өтті.