Наурызбай қажы Тағанұлы: «Дін қайраткерлерінің есімін ұлықтау қажет»

Алматы қаласында өтіп жатқан «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ДІН ДҮРБЕЛЕҢІ»: КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ДІНГЕ ҚАРСЫ РЕПРЕССИЯЛЫҚ ШАРАЛАРЫ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.

ҚМДБ Төрағасы Кеңес дәуірінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған дін қайраткерлерінің ерен еңбегі мен ел үшін, дін үшін атқарған ісіне тоқталып, олардың есімін ұлықтау қажеттігін атап өтті.

«Саяси қуғын-сүргін көрген ұлт қаймақтарымыздың қатарында хазіреттеріміз, ишандарымыз, ахундарымыз бен дін қызметкерлері болды. Өкінішке қарай, олар жайлы былайғы жұрт біле бермейді. Осы тұста Президентіміздің жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылып, оның жанынан қуғын көрген дін өкілдерін зерттеп, ақтауға арналған жұмыс тобы құрылғаны мемлекеттің үлкен қамқорлығы, бізге берілген мүмкіндігі деп білеміз.

Бұл дегеніміз – ғалымдарымызға дін қайраткерлерін зерттеуге даңғыл жол ашылып отыр. Ақиқатында Кеңес үкіметінің не үшін дін қайраткерлерін қуғындағаны бәрімізге айқын. Өйткені ол заманда ишандар мен ахундар ұлттың қаймақтары болатын.

Олар мешіт пен медресе ашып, шәкірт тәрбиелеп, дін насихатын жүргізумен ғана шектелмеді. Олар ұлт қайраткерлерін тәрбиеледі» дей келе, сол уақыттағы қазақтың тұлғаларының көпшілігі медреседен сауат ашып, ахун-ишаннан тәлім-тәрбие алғанына арнайы тоқталды.

Бас мүфти кеңес заманында дінді қоғамдық өмірден ысырудың барлық амалы жасалып, осы бағытта идеологиялық жоспар құрылып, пәрменді түрде дін мемлекет құрылымынан, адамдардың жеке өмірінен алыстатылғанын атап өтті.

«Біздің тарихымызда осындай қиын-қыстау замандар болды. Біздің ендігі мақсат – келмеске кеткен осы бір нәубетті күндерден сабақ ала отырып, сол заманның тағдыр тауқыметін арқалаған арда азаматтарымыз бен тау тұлғаларымызды тереңірек тануымыз қажет. Дін қайраткерлерін ұлықтау – бәріміздің ортақ міндетіміз.

Ел арасындағы дін қайраткерлері жайлы ауызша және жазбаша деректерді жинақтап, архивтердегі ғылыми мәліметтер мен құжаттарды тауып, олардың есімін есте қалдыру үшін жұмыс істеуіміз керек. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру – бізге аманат» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, конференцияда тарихшы ғалымдар, ҰҒА академиктері, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жұмыс тобының мүшелері, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері баяндама жасайды.