Бүгін қасиетті жұма күні Индер ауданына қарасты Бөдене ауылында жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Игі шараға Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, ауыл ақсақалдары, мешіт жамағаты және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған облыстың бас имамы жаңа мешіттің ауыл тұрғындары үшін рухани маңызына тоқталып, құлшылық ордасы елдің имандылығы мен бірлігін нығайтатын берекелі мекен болуына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ мешіт құрылысына демеушілік жасап, игі іске үлес қосқан азаматтарға алғысын жеткізді.
Шара барысында облыстың бас имамы мешіт құрылысына демеушілік көрсеткен азаматтарға Алғыс хаттар табыстады. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, жаңа мешіттің ел игілігіне қызмет етуін тілеп, ізгі ниеттерін білдірді.
Жаңа мешіт 200 адамға арналған. Құлшылық орнының жанында имамның қызметтік үйі, сондай-ақ ерлер мен әйелдерге арналған дәрет алу орындары бар.
Мешіттің имамы қызметіне жергілікті өңірдің тумасы Ақтөбе медресе-колледжінің түлегі Әлихан Әбутайыр тағайындалды. Ол бұған дейін Индер ауданына қарасты Есбол ауылдық мешітінде наиб имам қызметін атқарған.
Бұдан былай Бөдене ауылдық мешіті ауыл тұрғындарының құлшылық жасап, діни білім алып, рухани тағылым мен тәлім алатын орталығына айналмақ.
Жаңа мешіт ел игілігіне қызмет етіп, ауылдың рухани өміріне серпін берсін!



























