Атырауда Отбасы күніне орай «Берекелі шаңырақ – адал қоғам негізі» тақырыбында жас отбасыларға арналған рухани-танымдық семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас отбасылардың шаңырақтағы жауапкершілігін арттыру, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен өзара түсіністікті нығайту.
Жиынға Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы арнайы қатысып, жас отбасыларға ақжолтай тілегін жеткізді. Сонымен қатар «Дін мен дәстүр» және жастар секторының жауапты маманы Мағжан Игенбайұлы, әйел-қыздар секторының өкілі Назгүл Данаева, психолог маман Бақтыгүл Иманғазықызы қатысты.
Мамандар отбасы тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік, ұлттық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесі және отбасындағы психологиялық ахуалдың маңызы жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Семинар барысында қатысушыларға отбасы берекесін сақтау, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және ұлттық салт-дәстүрлерді ұрпақ бойына сіңірудің маңызы түсіндірілді.
Шара аясында отбасылық құндылықтарды дәріптейтін дәстүрлі рәсімдер де ұйымдастырылды. Атап айтқанда, тұсаукесер, сәбиге азан шақырып ат қою және неке қию рәсімдері өткізілді.
Жиын соңында жас отбасыларға арнайы сыйлықтар табысталып, ақ дастархан жайылды. Қатысушыларға шаңырақтың берекесі мен отбасының ынтымағын тілеген ақжолтай баталар берілді.
Осындай тағылымды кездесулер ұлттық салт-дәстүр мен діни құндылықтарды сабақтастыра отырып, жас отбасылардың берік шаңырақ қалыптастыруына және қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға бағытталған.






















