ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІ МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Атырауда Әжелер мектебі мен әйел-қыздар секторының бірлесуімен Мәуліт мерекесіне арналған рухани-танымдық шара өтті.

«Нұрлы тал» этнопаркінде ұйымдастырылған шарада ұлттық құндылықтар мен рухани мұра кеңінен дәріптелді. Әжелер ұлттық дәстүрдің озық үлгілерін көрсетіп, өрмек тоқып, ұршық иіріп, жас ұрпаққа халқымыздың қолөнері мен салт-дәстүрінен тағылымды өнеге көрсетті.

Шара барысында Мәуліт Шариф оқылып, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен көркем мінезі жайында насихат айтылды. Сонымен қатар киіз үйде арнайы дастархан жайылып, көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылды.

Жиында әйел-қыздар секторының жетекшісі Назгүл Данаева және Әжелер мектебінің төрайымы Жұмагүл Насиқызы сөз сөйлеп, Мәуліт мерекесінің мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ отбасы тәрбиесінде әжелердің орны, ұлттық салт-дәстүрді ұрпаққа жеткізудің маңызы жөнінде тағылымды ойларын ортаға салды.

Рухани кеште үлкендер бата беріп, игі тілектер айтылды. Басқосуға қатысушылар Мәуліт айының берекесін сезініп, ұлттық құндылық пен діни тағылымды сабақтастырған мазмұнды шараның куәсі болды.