РУХАНИ КЕЛІСІМ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ НЕГІЗІ

Құрметті Атырау жұртшылығы! Ардақты ағайын!

Сіздерді 18 қазан – Рухани келісім күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Рухани келісім – қоғамның тұрақтылығы мен ел бірлігін нығайтатын, адамзат баласын ізгілікке, өзара құрмет пен түсіністікке үндейтін маңызды құндылық. Бұл күн әрбірімізге бейбітшіліктің қадірін, татулықтың маңызын және адамгершіліктің биік орнын тағы бір мәрте еске салады.

Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің ортақ шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп, өзара сыйластықты сақтауы. Осындай берекелі қоғамның қалыптасуында ұлттық дәстүріміздің, рухани құндылықтарымыздың және діндер арасындағы өзара құрметтің орны ерекше.

Ислам діні де адамзат баласын бейбітшілікке, бауырмалдыққа, әділеттілік пен мейірімділікке шақырады. Қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында Алла Тағала адамдарды бір-бірімен танысып, түсінісуі үшін түрлі ұлттар мен ұлыстар етіп жаратқаны баяндалады. Бұл – адам баласының шығу тегіне, ұлтына немесе дүниетанымына қарамастан, өзара құрмет пен ізгі қарым-қатынас орнатуының маңызын айқындайтын тағылымды қағида.

Рухани келісім дегеніміз – әртүрлі көзқарастағы адамдардың бір-біріне құрметпен қарап, ортақ игілік жолында бірлесе әрекет етуі. Қоғам тыныштығын сақтау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мұқтаж жандарға қол ұшын созу – осы келісімнің өмірдегі нақты көріністері.

Атырау өңірі ежелден қонақжайлықты, бауырмалдықты, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті ту еткен қасиетті мекен. Осындай ұлттық болмысымызды сақтап, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға ортақ міндет. Әсіресе, дін қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қоғамда ізгілік пен сабырлылықты насихаттап, адамдар арасындағы татулықты нығайтуға үлес қосуы қажет.

Осы орайда, баршаңызды өзара сыйластықты сақтауға, бірлігімізді бекемдеуге, айналамызға мейірім мен жақсылық таратуға шақырамын. Өйткені рухани келісім бар жерде – береке, татулық бар жерде – тұрақтылық, ал бірлік бар жерде – жарқын болашақ бар.

Алла Тағала елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға ынтымақ пен береке нәсіп етсін! Әр шаңырақтан қуаныш кетпей, жүректерімізден мейірім мен ізгілік арылмасын!

Рухани келісім күні құтты болсын!

Ізгі тілекпен,

Болатбек Ұласқанұлы,