АТЫРАУДА РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ

Атырау қаласындағы «Ихсан» мешітінің ұйымдастыруымен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен көркем мінезін насихаттауға арналған рухани Мәуліт кеші өтті.

Рухани шарада ерлер мен әйелдер жамағатына арнайы дастархан жайылып, көпшілікке тағылымды уағыз-насихат айтылды. Атырау облысының бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы жамағатқа ізгі тілегін білдіріп, Мәуліт айының мәні мен маңызына тоқталды.

Кеш барысында мешіт ұстаздары ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолынан өнеге айтып, оның адамгершілік қасиеттері, көркем мінезі мен үмбетіне қалдырған өсиеттері жайында тағылымды әңгімелер өрбітті.

Сонымен қатар жамағат арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындары ойнатылып, жыр-терме мен күй орындалып, кештің мазмұны рухани және ұлттық нақышпен сабақтасты.

Шараға зағип жандар да қатысып, дастархан басында ізгі тілектерін білдірді.

Мәуліт кеші қайырымдылық шараларымен де жалғасты. Жағдайы төмен отбасыларға арнайы «Мәуліт сыйы» табысталып, әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сондай-ақ Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде білім алып жатқан студенттерге шәкіртақы берілді.

Ізгілік пен қайырымдылықты, рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтарды ұштастырған кеш жамағатқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі жолын насихаттауға арналды.