Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған. Зайырлылық қағидаты еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінің маңызды негіздерінің бірі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін діни сенім бостандығын қамтамасыз ету бағытында бірқатар заңнамалық құжаттар қабылдап, діни бірлестіктердің қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу тетіктерін қалыптастырды. Соның ішінде 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қазіргі діни қатынастарды реттейтін негізгі құқықтық құжаттардың бірі.Алайда зайырлылық ұғымын дінсіздік немесе атеизммен теңестіру дұрыс емес. Зайырлы мемлекет дінді жоққа шығармай, азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығын қамтамасыз етіп, әртүрлі діни көзқарастағы адамдардың заң алдында тең болуына жағдай жасайды.Осы тұрғыдан алғанда, зайырлылық пен исламның арақатынасы туралы мәселе өзекті. Зайырлылық термині қазіргі саяси-құқықтық жүйеде қалыптасқан ұғым болғанымен, қоғамдағы діни және дүниелік мәселелерді ажырата білу, өзге сенім өкілдеріне құрметпен қарау, адамдарды дінге мәжбүрлемеу секілді қағидалардың ислам тарихында да көрініс тапқанын байқауға болады.
Зайырлылық ұғымының мәні
«Зайырлылық» ұғымы бір ғана мағынамен шектеле бермейді. Қазіргі қолданыста ол мемлекеттің діни институттардан құқықтық тұрғыда дербестігін, азаматтардың діни сенім бостандығын және барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін білдіреді. Сондықтан зайырлылықты «дінге қарсы жүйе» ретінде қабылдау қате түсінік. Зайырлы мемлекет дінге сенетін азаматтардың да, белгілі бір дінді ұстанбайтын азаматтардың да құқықтарын бірдей қорғайды. Қазақстан Республикасында зайырлылықтың өзіндік ерекшелігі бар. Себебі еліміздің тарихи-мәдени кеңістігінде ислам діні ғасырлар бойы халықтың рухани өмірімен тығыз байланыста қалыптасты. Сонымен бірге Қазақстан аумағында әртүрлі дін өкілдері мен мәдениеттердің қатар өмір сүргенін тарихи деректерден байқауға болад. Бұл қоғамдағы діни төзімділік пен өзара құрметтің маңыздылығын көрсетеді.
Исламдағы діни сенімге мәжбүрлемеу қағидасы
Ислам діні адамның діни сенім бостандығын құрметтеуге негізделіп, діни ұстанымды күштеп қабылдатуға жол бермейді. Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 256-аятында:
«Дінде зорлық жоқ», – деп баяндалады.
Бұл аятта адамның сенім мәселесінде мәжбүрленбеуі керектігін көрсететін негізгі қағидалардың бірі ретінде қарастырылады. Исламның мақсаты адамды күш қолдану арқылы дінге кіргізу емес, ақылға, түсінікке және көркем насихатқа шақыру. Тағы бір аятта Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) адамдарды иманға мәжбүрлеуші емес, ескертуші екені де баяндалады:
«Еске сал! Расында сен тек ескертушісің. Сен олардың үстінен мәжбүрлеуші емессің» («Ғашия» сүресі, 21–22 аят).
Бұл ұстаным Пайғамбардың (с.а.с.) адамдармен қарым-қатынасында да көрініс тапты.
Пайғамбар (с.а.с.) өміріндегі діни және дүниелік мәселелер
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірін зерттеген кезде оның қызметінің бірнеше қырын ажырата білу маңызды. Ол бір жағынан Алланың елшісі ретінде уахиды жеткізсе, екінші жағынан қоғам басшысы, қазы, қолбасшы және адамдар арасындағы мәселелерді шешуші тұлға болды. Сонымен қатар ол күнделікті тұрмыста басқа адамдар секілді адамдық тәжірибеге сүйенген.Бұл мәселеге қатысты «Сахих Муслимде» келген белгілі хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) құрма ағаштарын будандастыру мәселесіне байланысты сахабалардың тәжірибелік ісіне араласқаннан кейін, дүниелік мәселелерде адамдардың өз тәжірибесін жақсы білетінін білдірген мағынадағы сөз айтады.Хадистің мағынасы бойынша, адамдардың дүниелік кәсіптері мен тәжірибелік мәселелерін өздері жақсырақ білетіндігі көрсетіледі.Бұл жерден ислам діні адамның ақылын, тәжірибесін және білімін жоққа шығармай, дүниелік мәселелерде білім мен тәжірибеге сүйенуге мүмкіндік береді.
Бәдір шайқасы кезінде де осы ерекшелікті байқауға болады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) әскердің орналасуына қатысты бір шешім айтқанда, сахаба Хубаб ибн әл-Мунзир бұл мәселені тактикалық тұрғыдан қайта қарауды ұсынған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оның ұсынысын қабылдағаны ислам тарихында белгілі.Бұл оқиғадан адамның тәжірибелік білімі мен кәсіби пікірінің маңыздылығын көрсетеді.
Өзге дін өкілдеріне құрмет
Зайырлы қоғамның тұрақты дамуы әртүрлі діни ұстанымдарды ұстанатын адамдар арасындағы өзара сыйластық пен бейбіт қатар өмір сүру қағидаларының сақталуына негізделеді. Ислам тарихында да өзге дін өкілдеріне қатысты белгілі бір құқықтық және моральдық қағидалар қарастырылған. Құран Кәрімде «Әнғам» сүресінің 108-аятында: «Алладан өзге олардың жалбарынғандарына тіл тигізбеңдер», – деп бұйырылады.Бұл аятта мұсылмандардың өзге адамдардың сеніміне тіл тигізбеуінің маңыздылығын көрсетеді. Өйткені дін мәселесінде өзара қорлау мен араздық қоғамдағы тұрақтылыққа кері әсер етеді. Сондай-ақ «Кафирун» сүресінде:
«Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме», – деген мағынадағы қағида баяндалады. Бұл аятты қазіргі зайырлылықпен толық теңестіру дұрыс емес. Дегенмен оның адамдар арасындағы діни айырмашылық жағдайында күштеу мен қысымнан гөрі өзара шекара мен жауапкершілікті сақтауға үндейтін мазмұны бар.
Зайырлылық пен исламды бір-біріне қарсы қою дұрыс па?
Зайырлылық ұғымын атеизммен тікелей байланыстыру немесе ислам дінін зайырлы мемлекет қағидаттарына қарама-қарсы қою ғылыми тұрғыдан негізделген ұстаным болып табылмайды. Зайырлы мемлекет дінді қоғамнан жоюды мақсат етпейді. Зайырлы мемлекет азаматтардың діни сеніміне немесе көзқарасына қарамастан, олардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп, діни белгісіне қарай кемсітуге жол бермеуді көздейді. Ал ислам адамның сенімін, ар-ожданын, әділеттілікті, өзара құрметті және қоғамдық тәртіпті жоғары бағалайды. Осы тұрғыдан қарағанда, қазіргі Қазақстандағы зайырлылық моделін исламдағы барлық қағидалармен толық сәйкестендіруге болмайды. Зайырлы қоғам жағдайында мемлекет әр азаматтың діни ұстанымына қарамастан, олардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп, діни сенім негізінде қандай да бір шектеу немесе кемсітушілікке жол бермеуге тиіс. Дегенмен олардың арасында қоғамдағы бейбітшілік, діни сенімге мәжбүрлемеу, өзге адамдарға құрметпен қарау, әділеттілік және қоғамдық тұрақтылық сияқты ортақ құндылықтар кездеседі.
Қазақстанда зайырлылықты дұрыс түсіндіру ерекше маңызды. Себебі зайырлылық діннің мемлекеттен бөлінуін ғана емес, адамның діни сенім бостандығын да қамтиды. Діни сенім адамның жеке таңдауы болғанымен, қоғамдық кеңістіктегі кез келген әрекет заң талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Яғни азамат діни сенімін ұстануға құқылы, бірақ оның әрекеті басқа адамның құқығы мен бостандығына зиян келтірмеуі керек. Бұл жерде дін мен мемлекеттің өзара байланысын дұрыс түсіну маңызды. Мемлекет діни ұйымдардың ішкі сенім мәселелеріне негізсіз араласпауы керек. Сонымен қатар діни ұйымдар да мемлекеттік билікті толық өз бақылауына алуға ұмтылмауы тиіс. Осындай құқықтық тепе-теңдік зайырлы мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Қорытынды.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) дәуірінде «зайырлылық» деген қазіргі термин қолданылған жоқ. Сондықтан Пайғамбар (с.а.с.) өмірін тікелей қазіргі зайырлы мемлекеттік модельмен теңестіру ғылыми тұрғыдан дұрыс саналмайды.Дегенмен оның өмірі мен сүннетінде діни сенімге мәжбүрлемеу, адамдармен көркем қарым-қатынас жасау, өзге дін өкілдеріне тіл тигізбеу, дүниелік мәселелерде тәжірибе мен білімге сүйену секілді маңызды қағидалар көрініс тапқан.Сондықтан зайырлылықты дінсіздік ретінде емес, діни сенім бостандығын қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтарын қорғайтын және әртүрлі көзқарастағы адамдардың бейбіт өмір сүруіне жағдай жасайтын мемлекеттік қағида ретінде түсінген жөн.Қазақстанда зайырлылық дін мен мемлекетті қарама-қарсы қоюды емес, олардың қызметі мен құзыреттерін нақты ажырату арқылы қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуді білдіреді.Дін адамның рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етсе, зайырлы мемлекет азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл ұғымдарды қарама-қарсы қоюдан гөрі, олардың қоғамдық өмірдегі ерекшеліктері мен өзара үйлесімділігін дұрыс түсіну әлеуметтік келісім мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты, теолог
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының мүшесі


