Қазіргі таңда діни экстремизм мен радикализм мәселесі жаһандық сипат алып, халықаралық деңгейдегі өзекті қауіптердің біріне айналуда. Аталған жағдай ұлттық қауіпсіздік жүйесіне кері әсерін тигізіп қана қоймай, ел ішіндегі бейбітшілік пен әлеуметтік тұрақтылықтың іргесін шайқалтып отыр.
Діни экстремизм дегеніміз – дінді саяси мақсатта пайдаланып, қоршаған ортада тұрақсыздық туғызуға бағытталған әрекеттер жиынтынтығы. Экстремизм (фр. extremisme, лат. extremus) — “шеттеу” яғни орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету немесе жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді білдіреді. Экстремизмнің тағы бір көрінісі басқа біреуді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмейтін адамдардан шығады. Лаңкесшілер дұрыс бағытқа жол көрсететін адамдардың кеңесіне мүлдем құлақ аспайды. Олар өздерін ең таза кіршіксіз деп санап, басқаның барлығын адасушыларға жатқызып, жөн білетін адамдарды мойындамайды. Міне, осының салдарынан әлемде түрлі төңкерістер мен қантөгістер орын алуда.
Ресейдің адам құқықығы институтының эксперті Лев Левинсон экстремизмнің әртүрлі сипатта көрініс беретінін, табиғаты күрделі, үнемі өзгеріп отыратын әлеуметтік құбылыс екенін түсіндіреді. Сондықтан экстремизмді толықтай шектеп, түбегейлі жою іс жүзінде мүмкін емес.
Ал, радикализм қоғамның тарихи-мәдени құндылықтарын теріске шығарып, әлеуметтік жүйені түбегейлі өзгертуді мақсат ететін идеологиялық бағыт. Сол себепті оның алдын алу немесе оған қарсы іс-қимыл жасау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігін қажет етеді.
Философия ғылымдарының докторы, профессор Нағима Байтенова, “Діни экстремизм және оның алдын алу жолдары” атты мақаласында экстремизм мәселесі бойынша негізгі көзқарастары: әлеуметтік экономикалық тоқырау; жергілікті тұрғындардың көп бөлігінің өмір сүру деңгейінің күрт түсуі; мемлекеттік басқару жүйесі мен саяси институттардың деформациясы; олардың қоғамдық дамудың пісіп тұрған мәселелерін шешуге қабілеті жетпеу; саяси режимнің тоталитарлық сипат алуы; биліктегілердің оппозицияны басып тастауы; еркін, жаңаша ойлауды қуғындау; ұлттық қанау; жеке топтардың өз міндеттерін шешуін жеделдетуі; лидерлердің саяси амбициялары және т.б.
Н. Байтенова діни экстремизм мен терроризмді жаһандық қауіпсіздікке төнген аса маңызды қатердің бірі ретінде қарастырады. Ол зерттеулерінде діни алауыздықтың алдын алу, радикалды ағымдардан қорғану және жастар арасында теріс діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударады.
Жоғарыда атап өткендей, діни экстремизм мен радикализмнің пайда болуына ықпал ететін бірнеше факторлар бар. Олардың қатарына әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, білім деңгейінің төмендігі және діни сауатсыздық жатады. Сондай-ақ жаһандану кезеңінде интернет пен әлеуметтік желілердің әсері айтарлықтай артып отыр. Радикалды топтар жасөспірімдерді өздеріне тарту мақсатында заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, көңіл аудартатын бейнероликтер, қысқа мотивациялық жазбалар және жалған діни түсініктер арқылы олардың сана сезіміне ықпал етуде. Мұндай ақпараттар көбіне қарапайым әрі тартымды түрде көрсетілгендіктен, жасөспірімдер оңай қабылдап, талдау жасамай-ақ сеніп қалып жатады. Сонымен қатар, жанұядағы тәрбиенің әлсіздігі мен рухани құндылықтардың (адамгершілік, әділдік, мейірімділік және т.с.с.) жеткіліксіз берілуін де басты себептердің бірі ретінде қарастыруға болады. Егер жастар дұрыс бағыт-бағдар алмаса, олар «тура жолды» сыртқы ықпалдардан қарастыра бастайды. Бұл жағдайды тиімді пайдаланған радикалды ағым өкілдері өз мақсаттарын дұрыс жол ретінде ұсынуы мүмкін. Нәтижесінде келіспеушіліктер күшейіп, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төнеді.
Халықаралық Тәжірибедегі Экстремизмнің Алдын Алу Шаралары
Қазіргі таңда діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу халықаралық деңгейде қарастырылып отыр. Әлемдік тәжірибеде бұл ағымдармен тиімді күресу тек күштік шаралар арқылы шектелмей, білім, ғылым, ақпараттық, әлеуметтік және психологиялық бағыттарды қамтиды. Халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне назар салсақ, экстремизм-нің алдын алуда ең пайдалы әдістердің бірі оқу-ағарту жұмысын нығайту. Нақтырақ айтқанда, БҰҰ және ЮНЕСКО ұйымдарының туындыларында жасөспірімдер арасында еркін ойлау қабілетін дамыту, рухани сауаттылықты арттыру және шыдамдылыққа тәрбиелеу өзекті мәселе екені көрсетілген. Дәл осындай шаралар радикалды ағымдардың алдын алуға және жасөспірімдердің жат ағымдарға қосылу қаупін азайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеде дерадикализация және реинтеграция бағдарла-малары жан-жақты зерттеліп қолданылуда. Аталған бағдарламалардың негізгі мақсаты – жат ағымдарға тәуелді адамдарды қоғамға қайта бейімдеу. Бұл салада психологтар, теологтар және ұлттық қауыпсіздік комитеті өзара бірлесіп жұмыс жүргізеді. Зерттеу нәтижесінде, бұл әдістер тұлғаның көзқарасын өзгертіп қана қоймай, оның қоғамдағы орнын қайта қалыптастыруға септігін тигізеді.
Мысал ретінде Түркияда мемлекетінде, діни экстремизмнің алдын алу мақсатында білім беру жүйесіне ерекше мән беруде. Мектептер мен университеттерде діни білім беру бағдарламалары билік органдарының бақылауымен ұйымдастырылып, дәстүрлі және ғылыми негіздегі діни көзқарастар қалыптастыруға бағытталған. Аталған салада жастар мен жасөспірімдерге дұрыс діни мәлімет беру арқылы олардың радикалды ұғымдарға қарсы тұру қабілетін қалыптастырады.
Қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздік режимін қалыптамасыз ету жан-жақты және өзікті мәселе болып отыр. Өйткені экстремистік ағымдар әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, өз идеологиялық ұстанымдарын таратуда. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттер цифрлық бақылау жүйелерін енгізіп, экстремизмді насихаттайтын ақпарат-тарды анықтау және жою жұмыстарын күшейткен. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), интернет желісіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар радикалды ағымдардың алдын алуда маңызды рөл атқаруда. Сонымен қатар, қоғаммен бірлесе жұмыс жасау халықаралық тәжірибеде пайдалы тәсілдердің бірі ретінде қарастырылған. Бұл әдіс, үкіметтік емес ұйымдар, діни ұйымдар және топтардың бірлескен әрекеттеріне сүйене отырып негізделген. Осындай бағыттар, қоғам ішінде сенімді арттыра отырып, радикалды ұғымдардардың жайылуына тосқауыл қоя алады. Соның ішінде жастар мен жасөспірімдер арасында жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың нәтижесі жоғарғы деңгейде екені байқалады.
Халықаралық тәжірибенің келесі нысаны әлеуметтік-экономикалық негіздерге де ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағыт әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық және білімнің таяздығы радикалдық ұғымға бет бұрудың негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылады. Сондықтан кейбір елдерде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек беру және білім беру сапасын арттыру саласында бірқатар бағдарламалар дайындаған. Осы сияқты тәсілдер экстремизмнің алдын алудағы бір жанама, алайда өте тиімді тәсіл екені анықталды.
Қазақстанда Экстремизмнің Алдын Алу Жолдары
Қазақстанда діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу шаралары мемлекеттік бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес елдің зайырлы мемлекеттік басқару жүйесінің құқықтық қағидаттарға негізделуі, түрлі конфессиялар арасындағы келісім мен тұрақтылықты сақтау бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың қатарында. Экстремизмнің алдын алу жұмыстары құқықтық, әлеуметтік, білім беру және ақпараттық деңгейлерде кешенді түрде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасында экстремизмге қарсы іс-әрекеті заң жүзінде реттеліп отырады. Осыған байланысты Қазақстанда 2015 жылы 18 ақпанда экстремистік және террористік әрекеттердің алдын алуға байланысты арнайы заңдар қабылданған. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені айтылған. Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады. Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң жобасына сәйкес, экстремистiк мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бiрлестiктердi құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген әскерилен-дірілген құралымдарды құруға тыйым салынған. «Экстремизмге қарсы күрес туралы» заңында Қазақстан Республикасының аумағында мақсаттары немесе әрекеттерi экстремизмдi жүзеге асыруға бағытталған ұйымдарды (филиалдар мен өкілдiктерді) құруға және олардың іс-әрекетіне тыйым салынады.
Бұл заң аясында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, радикалды ұғымның тамыр жаюына тосқауыл болды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары құқық бұзушылық әрекеттерден сақтандыру және бақылау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Діни экстремизм мен күресуде ең бaсты тізгінді әлбетте – құқық қорғaу оргaндaры aлaды. Өйткені aрнaйы қызмет оргaндaры (ІІМ терроризм, сепaрaтизм және эстремизмге қaрсы күресу комитеті, Ұлттық қaуіпсіздік комитетінің aрнaйы бөлімшесі) жұмыс жасауда. Әрі мaтериaлдық-техникaлық, қaржылық, кaдрлық әлеуеті бaр болғaндықтaн негізгі күш осы оргaндaрғa түседі.
Діни экстремизмнің алдын алу шараларының маңызды бөлігі ретінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарастырылған. Мемлекеттік, жергілікті органдар, теологлар және арнайы ақпараттық топтар халықпен, соның ішінде жастармен кездесулер мен жиындар өткізіп, діни сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізуде. Бұл жиындарда дәстүрлі діни құндылықтар түсіндіріле келе, радикалды ағымдардың белгілері мен қауіптері туралы ақпарат беріледі. Мысалға еліміздегі имамдарымыздың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында республикалық семинарлар өткізілуде. Сонымен қатар ҚМДБ-ның бастауымен Қазақстанның барлық аумағында дін тақырыбында конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылуда.
Қазақстанда білім беру жүйесі де экстремизмнің алдын алуда маңызды рөл атқаруда. «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам Мәдениеті университеті және басқада оқу орындары жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту мақсатында конференциялар мен семпозиумдер ұйымдастыруда. Сондай-ақ, дінтану пәндері арқылы оқушылар мен студенттерге діни ұғымдардың ғылыми негіздері түсіндіріледі. Осы сияқты діни ұғымдарды жақсы түсінген жастар жалған діни ақпаратқа еріп кетпеуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Сонымен қатар, қазіргі таңда теологтар, исламтанушылар мен дінтанушылардың рөлі ерекше мәнге ие болып отыр. Олар радикалды идеологияның жетегіне кеткен немесе жат діни ағымның ықпалындағы тұлғалармен жеке кездесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты; дұрыс діни түсінік беру және азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу. Тұлғаларды оңалту шаралары барысында жеке кеңестер, әңгімелер және діни түсіндірулер қолданылады.
Қазақстанда діни экстремизмнің алдын алу мақсатында интернет пен әлеуметтік желілерге ерекше назар аударылады. Әлеуметтік желілердегі діни материалдардың таралуын бақылауда ұстап, қоғамға дұрыс бағыттағы ақпарат беруге тырысады. Әрине бұл бағыттар жалған ақпараттың жетегінде кетпеу үшін жүргізіліп отырады.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы экстремизмнің алдын алу жүйесі кешенді сипатқа ие. Заңнамалық реттеу, білім беру, ақпараттық түсіндіру және діни ағарту шаралары бір-бірімен үйлесімді түрде жүзеге асырылуда. Бұл тәсіл қоғамда тұрақтылықты сақтауға және радикалды идеялардың таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Қорытынды
Жүргізілген талдау нәтижесінде, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алудың көпқырлы және үздіксіз басқаруды талап ететін үрдіс екені анықталды. Халықаралық тәжірибе бұл бағытта ақпараттық қауіпсіздік, білім беру, әлеуметтік қолдау және дерерадикализация тәсілдерін қатар жүргізудің пайдасын анықтай түседі. Әсіресе Түркия сияқты елдердің тәжірибесінде діни ағарту, мемлекеттік деңгейде реттелетін діни құрылымдардың қызметі және қоғаммен тығыз байланыс орнату арқылы тұрақтылықты сақтау керіктігі айқын көрінеді.
Ал Қазақстанда экстремизмнің алдын алу зайырлылық қағидаттарына негізделе отырып, ұлттық құндылықтармен ұштастырылған. Мемлекеттік саясат, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, білім беру жүйесі және теологтардың қатысуымен жүргізілетін оңалту шаралары қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы жұмыстардың ерекшелігі, рухани-ағартушылық тәсілдің басымдығында.
Халықаралық және ұлттық тәжірибені салыстыра отырып, олардың өзара толықтыратын тұстары бар екені анықталды. Бір жағынан, халықаралық деңгейдегі цифрлық қауіпсіздік пен әлеуметтік бағдарламалар тиімді болса, екінші жағынан, ұлттық деңгейдегі дәстүрлі құндылықтар мен діни ағарту жұмыстары радикализмнің алдын алуда маңызды құрал болып табылады.
Сондықтан діни экстремизм мен радикализмге қарсы күресте ең тиімді жолы мемлекет пен қоғамның, білім беру жүйесі мен діни институттардың бірлескен әрекеті арқылы ғана тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады деп тұжырым жасалынады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Нагима Байтенова, «Діни экстремизм және оның алдын алу жолдары», Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы, Алматы 2011, б-80-90
Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының №31 Заңы // https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z050000031_
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының №483-IV Заңы // https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000483
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми материалдары. 2020 жылғы 30 қазандағы №21566 https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000021556
Қазақстан Республикасы Дін істері комитетінің ресми деректері. 2016 жылғы 9 ақпандағы №38 бұйрығы. // https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1400010226
United Nations. Plan of Action to Prevent Violent Extremism. – New York, 2015.
UNESCO. Preventing Violent Extremism through Education. – Paris, 2016.
Organization for Security and Co-operation in Europe. Preventing Terrorism and Countering Violent Extremism. – Vienna, 2014.
Diyanet İşleri Başkanlığı. Radikalizm ve Dinî Aşırılıkla Mücadele Raporları. – Ankara.
Türkiye Diyanet Vakfı. Din ve Toplum İlişkileri Üzerine Araştırmalar. – Ankara.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетіні PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы
