Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Мақат ауданында кең көлемде рухани-мәдени шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы арнайы қатысып, аудан тұрғындарын айт мерекесімен құттықтады.
Шара барысында жамағатқа арналып рухани дастархан жайылып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін түрлі спорттық ойындар өткізілді. Сонымен қатар жастар арасында интеллектуалдық сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар білім мен тапқырлық бойынша бақ сынасты.
Мерекелік басқосуда сөз алған облыстың бас имамы Құрбан айттың адамды ізгілікке, мейірім мен бауырмалдыққа үндейтін ерекше мейрам екенін атап өтті.
— Құрбан айт — ынтымақ пен бірліктің, қайырымдылық пен жанашырлықтың мерекесі. Осындай игі күндерде бір-бірімізге құрмет көрсетіп, мұқтаж жандарға қолдау білдіру — үлкен сауапты іс. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шаралар жастарды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеп, рухани байланысты нығайтады. Алла тағала баршаңыздың дұға-тілектеріңізді қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етсін, — деді Болатбек Ұласқанұлы.
Шара соңында спорттық және интеллектуалдық сайыстардың жеңімпаздары арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар ерекше белсенділік танытқан азаматтарға кіші қажылыққа жолдама беріліп, бұл көпшілікке үлкен қуаныш сыйлады.
Мерекелік шара жамағаттың ақ батасы мен ізгі тілектеріне ұласып, жоғары деңгейде қорытындыланды.













