АТЫРАУДА ҚҰРБАН АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ

Бүгін барша мұсылман қауымы үшін ұлық мерекелердің бірі – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталды. Осыған орай Атырау облысы бойынша барлық мешіттерде айт намазы оқылып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс көлеміндегі мешіттерге таң сәріден жиналған жамағат айт намазын оқып, ізгі тілектер мен ақжарма дұғаларын жасады. Биыл өңір бойынша Құрбан айт намазына жалпы саны 18 100 адам қатысты.

Айт намазы барысында имамдар Құрбан айттың рухани мән-маңызы туралы уағыз айтып, мұсылман қауымын ауызбіршілікке, сабыр мен шүкіршілікке, өзара сыйластық пен жанашырлыққа шақырды. Сонымен қатар еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы мен берекесі үшін арнайы дұғалар жасалды.

Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінде өткен айт намазында облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жамағатты қасиетті мерекемен құттықтап, Құрбан айттың адам өміріндегі рухани орнына тоқталды.

— Құрбан айт – Аллаға жақындаудың, тақуалық пен жанқиярлықтың мерекесі. Бұл күндері мұсылман баласы Жаратушының разылығын алу үшін құрбан шалып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді. Айт – татулық пен бауырмалдықты арттыратын ерекше мейрам. Сондықтан әр шаңыраққа береке, әр отбасына амандық тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Алла тағала шалған құрбандықтарымызды, жасаған дұға-тілектерімізді қабыл етсін, – деді бас имам.

Сондай-ақ бас имам жамағатты Құрбан айт күндері мұқтаж жандарға көмектесуге, ағайын-туыспен араласуға, ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеуге шақырды.

Мерекелік шаралар аясында облыс мешіттерінде ұлттық спорт ойындары, балаларға арналған бағдарламалар мен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға құрбандық еттері таратылып, ізгі амалдар жүзеге асырылуда.

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне арналған шаралар алдағы күндері де жалғасады.