Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Атырау облысында құрбан шалу рәсімдері басталды. Айт намазы оқылған соң өңірде арнайы белгіленген құрбан шалу орындарында халық құрбандық шалу амалдарын жүзеге асыруда.
Құрбан шалу алаңдарында санитарлық талаптар мен шариғи ережелер сақталып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Арнайы мамандар мен мешіт қызметкерлері халыққа бағыт-бағдар беріп, құрбандық шалу рәсімдерінің дұрыс орындалуын қадағалауда.
Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы арнайы құрбан шалу алаңына барып, қасиетті Құран аяттарын оқып, дұға жасады. Бас имам өз сөзінде Құрбан айттың мұсылман жұртшылығы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
— Құрбан айт – мұсылман қауымын бірлікке, мейірім мен жанашырлыққа үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, мұқтаж жандарға қолдау көрсету – сауапты іс. Алла тағала барша мұсылманның шалған құрбандығын қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етсін, – деді бас имам.
Сонымен қатар тұрғындар құрбандық шалуды офлайн түрде арнайы белгіленген орындарда жүзеге асыра алады. Сондай-ақ еліміз бойынша іске қосылған Qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн өтінім беріп, құрбан шалуға мүмкіндік қарастырылған.
Онлайн платформа арқылы азаматтар құрбандық малын таңдап, тапсырыс беріп, құрбандық етін мұқтаж отбасыларға үлестіруге де ниет ете алады. Бұл қызмет әсіресе уақыт тапшылығы бар немесе алыста жүрген азаматтарға қолайлы мүмкіндік ұсынуда.
Құрбан айт мерекесіне байланысты өңір мешіттерінде алдағы күндері де қайырымдылық шаралары мен рухани іс-шаралар жалғасады.







