Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Құрбан айт – Ислам дініндегі ең ұлық әрі мағынасы терең мейрамдардың бірі. Бұл күндер адамзатты мейірім мен жанашырлыққа, сабыр мен шүкіршілікке, бауырмалдық пен ынтымаққа үндейді. Айт мерекесі қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтып, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетудің маңызын арттыратын ерекше рухани кезең.
Асыл дінімізде құрбан шалу – пенденің Аллаға деген шынайы ықыласы мен тақуалығының белгісі. Қасиетті Құранда:
«…Олардың еттері де, қандары да Аллаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың жетеді…» делінген. Сондықтан Құрбан айттың мәні – тек құрбан шалумен шектелмей, жүрек тазалығында, ниет дұрыстығында және адамға пайда тигізуде жатыр.
Қазақ халқы ежелден айт күндерін ерекше құрметтеп, ағайынның арасына татулық дәнін сепкен. Үлкенге сәлем беріп, кішіге ізет көрсетіп, жетім-жесір мен мұқтаж жандарды назардан тыс қалдырмаған. Бұл – халқымыздың дәстүрі мен дінінің сабақтастығын көрсететін асыл құндылық.
Биыл да өңірімізде Құрбан айт мерекесі кең көлемде ұйымдастырылуда. Облыс мешіттерінде айт намазы оқылып, қайырымдылық шаралары өткізіледі. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіліп, балаларға айттық сыйлықтар таратылады. Бұл – қоғамдағы мейірім мен жанашырлықты арттыруға бағытталған игі амалдардың бірі.
Қадірлі ағайын!
Айт күндері реніш пен өкпені ұмытып, жақындарымызбен қарым-қатынасты нығайтып, ізгі амалдарға көбірек көңіл бөлейік. Әрбір шаңырақта қуаныш пен береке орнап, елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрсын.
Алла Тағала шалынған құрбандықтарды, жасалған дұға-тілектер мен қайырымдылықтарды қабыл етсін. Әр отбасына амандық, дендеріңізге саулық, дастархандарыңызға молшылық нәсіп етсін!
Қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын!
Ізгі тілекпен,
Атырау облысының бас имамы
Болатбек Ұласқанұлы


