Деструктивті идеологиялардың жастар санасына әсері

Дін – қоғам өмірінің ажырамас бөлігі әрі оның рухани тірегі. Өйткені дін – бейбітшілік пен тұрақтылықтың қалыптасуына ерекше ықпал етеді. Қоғамдағы осындай тепе-теңдікті сақтау үшін адамдардың ішкі сенімі үлкен маңызға ие, ал бұл сенім көп жағдайда дін арқылы қалыптасады. Алайда қазіргі таңда діннің атын жамылып, шынайы діни құндылықтарға қайшы келетін жалған ағымдар да көрініс беріп отыр. Мұндай теріс бағыттар қоғамға қауіп төндіріп қана қоймай, жастар санасына кері әсерін тигізуде. Сондықтан еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі – деструктивті идеологиялардың таралуына жол бермеу және олардың қоғамның рухани қауіпсіздігін сақтау.

Деструктивті идеология «бүлдіруші», «зиян келтіруші» деген ұғымды білдіреді. Яғни, мұндай діни ағымдар жастардың санасын ғана улап қоймай, құқықтары мен еркіндіктеріне нұқсан келтіру арқылы қоғамға қауіп төндіреді. Олар түрлі психологиялық тәсілдерді қолдану арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімізді жоққа шығарып, жақындарымыздан алыстатып, белгілі бір топқа тәуелді етуге ұмтылады. Соның нәтижесінде жастар өзінің бұрынғы әлеуметтік ортасынан біртіндеп ажырап, жаңа идеологиялық кеңістікке толықтай бейімделеді. Ең қауіптісі – жеке тұлғаның еркіндігін шектеп, жетекшілеріне сөзсіз бағынуды талап етуі.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналуда. Facebook, Instagram, TikTok, Telegram секілді платформалар ақпарат алмасуға, білімді арттыруға және адамдар арасында байланыс орнатуға кең мүмкіндік беруде. Дегенмен, бұл цифрлық кеңістіктің пайдалы тұстарымен қатар, қоғамға кері әсер ететін қауіптері де жоқ емес. Соның бірі – деструктивті идеологиялардың әлеуметтік желілер арқылы кең таралуы. Әсіресе, бұл үрдіс жастар үшін айтарлықтай қауіп төндіріп отыр.

Деструктивті идеологиялар бұл кеңістікте көбіне жасырын немесе жанама формада ұсынылады. Олар: діни уағыздар, мотифациялық контент, қысқа видеолар мен визуалды символика арқылы беріліп, аудиторияның эмоциясына тікелей әсер етеді. Мұндай тәсілдер адамның ойлау қабілетін әлсіретіп, біртіндеп белгілі бір идеологиялық жүйеге тәуелділігін арттыруы мүмкін. Деструктивті идеологиялардың таралуының бірнеше себебі бар. Интернет кеңістігіндегі ақпараттың еркін әрі бақылаусыз таралуы үлкен рөл атқарады. Әлеуметтік желілерде кез келген адам өз парақшасын ашып, қалаған мазмұнын жариялай алуы. Екіншіден, алгоритмдік жүйелердің әсері де ерекше. Мысалы, қолданушы діни не саяси мазмұндағы бір видеоны көрген жағдайда, платформа оған ұқсас контентті қайта-қайта ұсынып, оның назарын бір бағытқа шоғырландырады. Үшіншіден, жастардың ақпараттық және діни білімінің жеткіліксіздігі бұл жағдайды одан әрі ушықтырады. Соның нәтижесінде кейбір жастар сенімді әрі ресми дереккөздерден гөрі, әлеуметтік желілердегі бейресми мәліметтерге көбірек сенім артады.

Зерттеулерге сәйкес, жастардың басым бөлігі діни және идеологиялық ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы қабылдайтыны анықталған. Бұл жағдай олардың жалған ақпаратқа сеніп қалу қаупін күшейте түсуде. Сонымен бірге, интернет кеңістігінде экстремистік топтар өз қатарына адамдарды тарту мақсатында әртүрлі тәсілдерді қолданады; мақсатты жарнамалар, әсерлі мотивациялық бейнероликтер және эмоцияға ықпал ететін жазбалар арқылы олар пайдаланушылардың назарын аударуға тырысады.

Деструктивті идеологияны таратушылардың барлығы бір орталықтан басқарылмауы мүмкін, дегенмен олардың қызметі әртүрлі арналар арқылы жүргізіледі. Біріншіден, радикалды ұйымдар интернет арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, өз идеяларын таратады. Екіншіден, діни мәтіндерді толық әрі дұрыс түсінбейтін кейбір жалған уағызшылар өз жеке көзқарасын ақиқат ретінде ұсынып, оны кеңінен насихаттай түседі. Үшіншіден, әлеуметтік желілердің алгоритмдік жүйелері де пайдаланушыны белгілі бір мазмұнмен шектеп, оны ақпараттық «жабық ортаға» енгізіп қоюы мүмкін.

Ислам діні тұрғысынан алғанда, мұндай идеологиялар Құран мен хадис ілімдеріне сәйкес келмейді. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» (Бақара сүресі, 256-аят) деп айқын көрсетілген. Бұл исламның түпкі мақсаты – еркіндікке, әділдікке және бейбіт өмірге негізделетінін білдіреді. Ал радикалды ағымдар, керісінше, зорлық-зомбылықты насихаттап, жеккөрушілікке итермелейді.  Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (с.а.с) «Кім бізді алдаса, ол бізден емес» (Имам Муслим) деген хадисі дінді бұрмалау мен жалған ақпарат тарату ауыр күнә екенін айқын көрсетеді. Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде дінді бұрмалап түсіндіріп, оны жеке басының мақсатына пайдаланатын кейбір адамдардың әрекеті Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінде айтылған қағидаларға қайшы келіп, исламның ақиқат ілімімен үйлеспейтінін аңғартады.

Бұл мәселенің тағы бір маңызды қыры – жастардың психологиялық жағдайы мен ақпаратты қабылдау ерекшелігі. Қазіргі цифрлық кеңістікте көптеген жастар әлеуметтік желілер арқылы тексерілмеген, жалған немесе біржақты ақпаратпен жиі ұшырасады. Мұндай мәліметтер көбіне эмоцияға әсер ететін түрде ұсынылатындықтан, жастар оны терең сараламай қабылдап қойып жатады. Эмоцияға берілген жасөспірім біртіндеп радикалды немесе теріс көзқарастарды қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастайды. Бұл олардың дүниетанымының тарылуына, сыни ойлау қабілетінің әлсіреуіне әкеледі. Уақыт өте келе мұндай ықпал жастарды қоғамнан алыстатып, оларды өз ортасынан суытып, шынайы өмірдегі қарым-қатынастардан гөрі виртуалды ортаға көбірек тәуелді бола бастайды. Сонымен қатар, отбасы мүшелерімен және достарымен арадағы байланыс әлсіреп, түсініспеушілік арта түседі. Радикалды идеология ықпалына түскен  жастар өз ұстанымын ғана дұрыс деп қабылдап, өзге пікірлерді елемеуге бейімделеді. Осындай жағдайлар оның тұлғалық дамуына кері әсер етіп, қоғамға бейімделуін қиындатады.

Сондықтан деструктивтік идеологияларға қарсы күрес тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әрбір азаматтың саналы ұстанымы арқылы да жүзеге асуы қажет. Ең алдымен, сапалы әрі дұрыс білім алу – басты талап. Діни және әлеуметтік мәліметтер тек тексерілген, сенімді дереккөздерден алынғаны жөн. Сонымен қатар, ақпаратты талдап, оның шынайылығын бағалай білетін сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту маңызды. Бұған қоса, жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беретін отбасы тәрбиесі мен білім беру жүйесінің ықпалы ерекше орын алады.

Қорытындылай келе, әлеуметтік желілер қазіргі қоғам өмірінде аса маңызды орын алатын ақпараттық кеңістік. Олар адамдарға білім алуға, пікір алмасуға, жаңа мүмкіндіктерді игеруге жол ашатын үлкен алаң болғанымен, сонымен бірге жауапкершілікті де талап етеді. Себебі бұл ортада пайдалы әрі тәрбиелік мазмұнмен қатар, қоғамға кері әсер ететін ақпараттар да кеңінен таралады. Осы тұрғыдан алғанда, деструктивті идеологиялар дәл осы цифрлық кеңістікті пайдаланып, өз идеяларын жылдам таратуға тырысатыны байқалады. Мұндай жағдай қоғамның тұрақтылығына, әсіресе жас ұрпақтың санасына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әрбір адам әлеуметтік желіде кездесетін ақпаратты бірден қабылдамай, оны жан-жақты талдап, шынайылығына көз жеткізіп барып қана әрекет етуі қажет. Ақпаратты сүзгіден өткізу, жалған мен шынайыны ажырата білу – бүгінгі заманның ең маңызды дағдыларының бірі. Бұл ретте білім мен ойлау қабілетінің рөлі ерекше. Адам неғұрлым білімді әрі саналы болса, соғұрлым ол теріс ықпалдарға берілмейді және дұрыс бағытты таңдай алады. Сонымен бірге, ислам діні де, ғылыми көзқарас та адам баласын ізгілікке, бейбіт өмірге, өзара сыйластық пен білімге шақырады. Бұл екі бағыт та қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділікті қолдайды. Сол себепті қоғамның қауіпсіздігін сақтау, рухани тұтастығын қорғау және келешек ұрпақтың саналы болып қалыптасуы – тек мемлекетке ғана емес, әрбір азаматқа жүктелетін ортақ міндет әрі үлкен жауапкершілік.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Құран Кәрім – Бақара сүресі, 191-аят; 256-аят.
  2. Муслим хадис жинағы.
  3. «Әлеуметтік желі – радикализмнің басты ошағы», 16.08.2022, https://muzbalaq.kz/87618/
  4. Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік тұжырымдамасы туралы заңы, Қазақстан Республикасының Президентінің 2011 жылғы 11 сәуірдегі №5 жарлығы https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U060000199_
  5. «Деструктивті діни ағымдардың қоғам үшін зауалы қандай?», 16.11.2023. https://zhasalash.kz/news/destruktivt-dni-agimdardin-kogam-ushn-zauali-kanday-52b762/

Ернат Абдрахов

Нигде Өмер Халисдемир университетінің

PhD докторанты,

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы