Теке сақал, қырма мұрт, Елдің түбіне сол жетер

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам – терроризмге қарсы» халықаралық конференциясында сөйлеген сөзі.

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Ассалаумағалейкум, құрметті конференцияға қатысушылар, қадірлі қонақтар!

Ел болып қалыптасып, бағыт-бағдарын түзеген мемлекет үшін дін мәселесі өте өзекті. Елдің амандығы, оның тыныштығы біз үшін аса қымбат. Қазақ халқы «жау жоқ деме, жар астында» деп, ұлтты әрдайым қауіптен сақтандырып келген. Экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі. Бұрын шетелдегі дін атын жамылған лаңкестік оқи­ғаларды ақпарат көздерінен ғана ес­тіп білетінбіз. 2011 жы­лы Маңғыстауда, Балқаш­та, Таразда, Шұбаршиде орын алған лаңкестік оқи­ға­лар елді дүрліктіріп жіберді. Сосын Ақтөбе мен Ал­матыда орын алған қанды-қасап оқиғалар елді тіптен шошытты.

Қа­ла берді, дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, мәдениетімізден, салт-дәстүрімізден айырып, халық арасында араздық, дұшпандық тудырғысы келетін деструктивті діни ағымдар да әрекет етуде. Адамның сана сезімін улайтын, діннің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың арбауы халыққа зиянын тигізуде. Шынтуайында, Ислам деген сөздің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді. Исламның басты мақсаты – әлемдегі адамзат арасында бейбітшілік орнатуға негізделген. Хақ дініміз нақақтан нақақ ешкімге соқтықпауға, жа­ман нәрседен бойды аулақ ұстау­ға, адамзатқа мейрімділік та­ны­туға, толерантты, зиялы­ бо­лу­­ға шақырады. Пай­ғам­барымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз сөзінде:

المُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Шын мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қо­лы­нан зиян көрмеген адам», – деп ес­керткен.

Деструктивті ағымдар қоғамға іріткі салып, отбасылық құндылықтар мен адам денсаулығына қауіп төндіреді. Олар қазақ ұлтының және еліміздегі басқа ұлттардың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне қарсы шығады. Мәдениетін жоққа санайды. Мемлекеттік мерекелер мен атаулы мейрамдарды, сондай-ақ беташар, тұсау кесу, сәлем салу, жеті нан тарату, әруақтарға құран бағыштау, дұға жасау сияқты дәстүрлерді мойындамайды. Зайырлы мемлекет заңдарына мойынсұнбайды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтемейді. Қазақстандағы басым көпшілік ұстанатын Ханафи мәзһабын мойындамайды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз бұндай дәстүрімізді мойындамайтын жандарды сол заманның өзінде:

Діні бар да, ұлты жоқ,

Сақалы бар да, мұрты жоқ.

Теке сақал, қырма мұрт,

Елдің түбіне сол жетер, – деп сипаттаған.

Мұсылман мемлекеттердің және Орталық Азиядағы діни мектептердің білімін жоққа шағарады. Исламның дәстүрлі жолында жүрген мұсылмандардың сенімін күпірлікке балайды. Өзге дінді ұстанушылар мен дін ұстанбайтындарға түсіністік танытпайды. Дәстүрлі ән, суретшілік сияқты өнер түрлеріне өшпенділікпен қарайды. Әскерге бару, орта білім алу сияқты бекітілген міндеттерді орындаудан бас тартады.

Жат ағымның жетегінде кеткендердің ұстанымынан осы аталғандарды байқаймыз. Бірақ олар ешқашан өз ілімдеріне күманданбайды, Құран және Сүннеті өздеріне қажетті деңгейде түсініп, түсіндіреді. Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді.

Осы ретте айта кету керек, деструктивті ағымдар тек ислам дінін жамылып, өз ниеттерін жүзеге асырмайды, жат ағымның протестандық және шығыстық түрлері де бар. Ең қызығы жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болады.

Сондықтан экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет деп есептеймін. Дәстүр дегеніміз – елімізде қалыптасқан діни тәжірибелер тізбегі және біздің өмір сүру салтымыз. Бүгінде қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер жоқ емес. «Қазақ дінсіз болған» деген сынды шала түсініктегілер елімізді ислам дініне енді тәй-тәй басқан баладай көрсеткісі келді. Ал шындығында қазақ дәстүрінің өзі дінмен сабақтасып жатыр.

Ардақты ағайын!

Қазақ халқы ежелден ұрпағын ержүректікке, қайсарлыққа,  басқаның ала жібін аттамайтын адалдыққа тәрбиелеген. Қазақы тектіліктің астарында өзі түгіл астындағы мінген атына доңыздың басқан жерінен шөп жегізбеген тазалығы, кеңпейілділігі, жер жылжыса да жылжымайтын сабырлылығы, «сөз тапқанға қолқа жоқ» деп аталы сөзге тоқтауы, бегзаттығы жатыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселені жете назарында ұстап келеді. 2020 жылы біз «Діни оңалту» бөлімін аштық. Бүгінде мүфтият бес бағыттағы жұмыстарға басымдық береді. Соның бірі – діни оңалту. Бүгінде діни оңалту жұмысына жауапты қызметкерлер тарапынан жат діни ағым жақтастарымен жүйелі түрде жеке кездесулер өткізіп отырады, адасқан жерлерін, дұрыс ұқпаған мәселелерін түсіндіреді. Құдайға шүкір, деструктивті діни идеология шырмауынан толық бас тартып жатқандар баршылық.

Нақты айтар болсақ, мүфтияттың діни оңалтуға жауапты мамандары өткен жылы 11 092 жеке ықпал ету акциясын, яғни жеке кездесулерді жүзеге асырды. Аталған акциялар нәтижесінде жалпы 1265 адамға оң ықпал жасалды. Атап айтқанда, 980 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді, оның 105-і түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер. Ал жауапты діни оңалту субъектілердің бірлескен қорытындысы бойынша 285 адам оңалып, деструктивті діни ағым (ДДА) идеологиясынан бас тартты деп танылды, оның 55-і жазасын өтеп жатқандар.

Дегенмен «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығатыны» секілді теріс ағымға санасы уланған адамның бір күнде дұрыс жолға түсуі қиын. Ол бірнеше айлық не жылдық жұмыстың нәтижесі болуы мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыстар үзіліссіз еңбек етуді талап етеді. Биылдан бастап қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде оңалту жұмысын күшейтуді қолға алып жатырмыз. Осыған орай жауапты іске еліміз бойынша 50 имам жұмыла жұмыс жүргізуде. Бұл туралы жыл басында барша дін қызметкеріне жолдаған Бағдарлық баяндамамда айрықша атап өттім.

Өткен жылы «Қазақстан үшін жат және дәстүрлі емес Ислам бағытындағы діни ағымдар мен жамағаттар және ұйымдар» атты әдістемелік құрал дайындап шығардық. Бұл кітапта сәләфилік бағытындағы ағымдар мен ханафилік бағытындағы адасқан жамағаттардың ұстанымдары, сондай-ақ елімізде заңмен тыйым салынған ұйымдар және сол ағымдар жақтастарын оңалту ерекшеліктері туралы ақпарат берілді.

Қорыта айтқанда, Қазақстан лаңкестік оқиғаларға жол бермеу үшін дәстүрлі емес діни ағымдарға тоқтау салғаны дұрыс деп есептейміз. Олардың әрекетіне тосқауыл болатын заңнамалық құжаттар қабылданса, жұмыс та нәтижелі болмақ. Себебі дәстүрлі құндылықтарға шабуыл жасап, адам санасын улаға бағытталған идеология елдің бірлігіне, мемлекеттің тұрақтылығына нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Елді дәстүрінен алыстатып, дінінен бездіретін көзқарасқа таңылғандардың түпкі мақсаты жақсылыққа апармайды.

«Ғақлия көзбен қарасаң,

Дүние – ғажап, сен – есік.

Жаһлы көзбен қарасаң,

Дүние – қоқыс, сен – меншік» деп ғұлама әл-Фараби бабамыз айтқандай, мен осы ретте жас буын өкілдерін өмірдің әрбір сәтіне ғақлия, яғни ақылдың, даналықтың көзімен қарауға шақырамын. Ақылмен ақиқатты тану – аса маңызды мәселе. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әркімнің діні – оның түсінігі. Ақылы жоқтың діні де жоқ», – деген. Шеттен келген теріс пиғылдағы идеология қазақ халқын ешқашан жарылқамайды. Осыны түсінуіміз керек.

Ардақты ағайын!

Біз жуырда бабалар жолын дәріптеу мақсатында «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын шығардық. Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жиын-тойларда жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыраны «харам» деп жүрген жастарды осы кітапты оқуға шақырамын. Сәлем салуды Аллаға серік қосу деп санайтындарға да осы кітапта жауап жазылған. Сәлем салу – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару үлкен қателік деп атар едім. Міне, осындай жаңсақ пікірлерге «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы толыққанды жауап береді деген ойдамыз.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Әмин!

Наурызбай қажы Тағанұлы,

Бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы