Ұлы Жеңістің 81 жылдығы және Атырау қаласындағы «Ықылас» мешітінің 3 жылдығына орай Құран Кәрімнің 30-парасын жатқа айтудан жамағат арасында облыстық Құран сайысы өтті.
Рухани шара марқұм Мәулім Сатыбалдыұлының рухына арналды. Сонымен қатар Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ел үшін жанын қиған боздақтардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.
Құран сайысына арнайы ҚМДБ төрағасының кеңесшісі, РАНТ мүшесі Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков қатысып, жамағатқа насихат айтты. Өз сөзінде ол Құранды жаттау мен оны өмірде амал ету мұсылман үшін үлкен нығмет екенін атап өтті.
«Құран — адамды көркем мінезге, сабыр мен тәрбиеге бастайтын Алланың сөзі. Осындай рухани жарыстар жастардың дінге деген сүйіспеншілігін арттырып, қоғамдағы имандылықтың нығаюына себеп болады», — деді Смайыл Сүйерқұлұлы.
Сондай-ақ шараға ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Батыржан Берденұлы және РАНТ мүшесі, ұстаз Нұралы Бақытұлы арнайы қатысты.
Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы өңірге арнайы келген қонақтарға алғысын білдіріп, мұндай рухани шаралардың жамағат бірлігін арттырып, жастар тәрбиесіне оң әсер ететінін атап өтті.
Сайыс қорытындысы бойынша:
І орын – «Медет» мешітінің жамағаты Асхатұлы Әділбек;
ІІ орын – Исатай ауданынан Балтабек Дархан Балтабекұлы;
ІІІ орын – Иманғали орталық мешітінің жамағаты Тілеужанов Әбдікәрім иеленді.
Шара соңында өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанлы сайысты өткізуге демеушілік танытқан азаматарға алғыс білдірді. Сондай ақ жеңімпаздар қаржылай марапатталып, қатысушыларға құрмет көрсетілді.


























