АТЫРАУДА ҚҰРБАН АЙТҚА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен қасиетті Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыруға арналған облыс имамдарының алқалы жиыны өтті. Жиынға қала және аудан бас имамдары, ҚМДБ-ның негізгі жұмыс бағыттары бойынша жауапты имамдар қатысты.

Басқосуда қасиетті Құрбан айт күндеріндегі діни рәсімдердің талапқа сай орындалуы, қайырымдылық жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылуы және халыққа сапалы діни қызмет көрсету мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиында облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы құрбандық шалуда ысырапқа жол бермеу, шалынған мал еттерін әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларға уақытылы әрі әділ жеткізу мәселесінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар биылғы құрбан шалу рәсімдері онлайн негізде «QURBAN.MUFTYAT.KZ» сайты арқылы және офлайн форматта да қабылданатындығын айтып, барлық мешіт қызметкерлеріне халықпен түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ мал сою орындарының санитарлық тазалығы, шариғат талаптарына сай болуы, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы және кезекшілік жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мәселелері басты назарда екендігі айтылды.

Алқалы жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттары бойынша жауапты имамдар арнайы баяндама жасап, мешіт өңір имамдарына бағыт-бағдар берді. Атап айтқанда, «Дін мен дәстүр», «Ихсан және насихат», діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру бағыттары бойынша атқарылатын жұмыстар кеңінен талқыланды.

Бұдан бөлек, Зекет және қайырымдылық қоры мен «Халал Даму» бағытының өкілдері де өз салалары бойынша пікір білдіріп, алдағы міндеттер мен жоспарлар жөнінде ақпарат берді.

Жиын барысында алдағы жаз мезгілінде ұйымдастырылатын балаларға арналған имани сауат ашу курстарының жұмысы да сөз болды. Онда балалардың қауіпсіздігі, жас ерекшелігіне сай діни білім беру, тәрбие жұмыстарының мазмұны және жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Кездесу соңында облыстың бас имамы барша мешіт қызметкерлерін қасиетті Құрбан айт мерекесін ұйымшылдықпен өткізуге шақырып, халыққа қызмет етуде жауапкершілік пен ауызбіршіліктің маңыздылығын атап өтті.