АТЫРАУДА ЖАМАҒАТ АРАСЫНДА АУҚЫМДЫ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ САЙЫС ӨТТІ

Атырау қаласындағы «Ықылас» мешітінде жамағат жастары арасында ауқымды интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды. Рухани-танымдық бағыттағы шараға облыс мешіттерінен 21 команда қатысып, екі жүзге жуық жас бақ сынады.

Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының кеңесшісі Смайыл Сейтбеков, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров және Һибатулла Тарази мешіті ұстазы, РАНТ мүшесі Нұралы Бақытұлы арнайы қатысып, жастарға рухани насихат айтты.

Сайыс барысында қатысушылар діни таным, руханият, тарих және салт-дәстүр бағыттары бойынша білімдерін сынға салды. Тартысты өткен дода қорытындысы бойынша І орынды Иманғали орталық мешіті командасы иеленді. ІІ орынға Жылыой ауданының командасы лайық деп танылса, ІІІ орынды Мақат ауданының жамағаты еншіледі.

Жиын барысында қасиетті Құран аяттары оқылып, ақсақалдар жастарға ақ батасын берді. Сонымен қатар, Мәулім Сатыбалдыұлының ұрпақтары игі шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсетті. Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы шараға демеушілік танытып, қолдау білдірген азаматтарға алғысын жеткізді.

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Шараның басты мақсаты — жастардың діни сауатын арттырып, білім мен бірлікке үндейтін рухани ортаны қалыптастыру.