Цифрлық дәуірдегі уақытты басқару мәселелері: Құран аяттары, хадистер, ғалымдар көзқарасы және заманауи зерттеулер негізінде

Цифрлық дәуір адам өмірінің барлық саласына ықпал етіп, уақытты пайдалану мәдениетін түбегейлі өзгертті. Бір жағынан, технологиялар адамның жұмысын жеңілдетіп, көптеген процестерді жеделдетсе, екінші жағынан, уақытты тиімсіз жұмсау мәселесін күшейтті. Әсіресе әлеуметтік желілер, қысқа бейнелер платформалары және үздіксіз ақпарат ағыны адамның назарын бөлшектеп, уақытты бақылауды қиындатады. Осы тұрғыдан алғанда, уақытты басқару мәселесін тек заманауи тұрғыдан ғана емес, рухани және діни негізде қарастыру аса маңызды.

Ислам ілімінде уақыт – адамға берілген ең құнды аманаттардың бірі. ҚұранКәрімде уақыттың қадірі ерекше мәнге ие. «Аср» сүресінде Алла Тағала уақытпен ант етіп: «Заманға серт! Адам баласы зиянда…», – деп, уақытты дұрыс пайдаланбаған адамның ұтылатынын білдірген. Бұл аятта адам өмірінің мәні уақытпен тығыз байланысты екенін көрсетілген. Уақыт – қайтарылмайтын әрі алмастырылмайтын ресурс. Алла Тағала Фурқан сүресінің 62 аятында: «Ол сондай Алла, ойланып, ғибрат алуды, яки шүкіршілік етуді қалайтын әрбір жан үшін түн мен күндізді бір-бірінің ізін алмасып тұратын қылды», – денілген. Бұл уақыттың тек физикалық құбылыс емес, ойлану, жоспарлау және өзін дамыту құралы екенін аңғартады. Сондай-ақ: «Әр адам өз еңбегінің нәтижесіне ғана қол жеткізеді» (Нәжм, 39) деген аятта уақытты нәтижелі еңбекке жұмсау қажеттігін нақты көрсеткен.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) хадистерінде де уақыт мәселесі кеңінен қозғалған. Алла Елшісі: «Екі нығмет бар, көпшілік адам сол екі нығметтің қадірін білмейді: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт», – деп, уақыттың бағаланбай қалатын құндылық екенін ескерткен. Басқа бір хадисте: «Бес нәрсе келместен, бес нәрсенің қадірін біл: қартаймай тұрып жастық шақтың, ауырмай тұрып денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, бір нәрсемен шұғылданбастан бұрын бос уақыттың және өлімнен бұрын өмірдің», – деп, жастық шақ пен бос уақытты тиімді пайдалануға үндейді. Бұл хадистердің мәніне үңілсек, уақытты қадірлемеу мәселесі бүгінгі цифрлық заманда бұрынғыдан да өткір сипат алғанын аңғарамыз. Шексіз ақпарат пен виртуалды әлем адамның назарын өзіне тартып, бағалы уақытты байқатпай ысырап еткізуде. Сондықтан уақытты босқа жоғалту – өмірдің ең қымбат мүмкіндіктерінен айырылу ғана емес, өз ғұмырыңның мәнін жете бағаламау.

Қазіргі кезде көп адамдар уақыттың жетіспейтінін жиі айтып, шағымданып жатады.Оның басты себебі – күн сайын бірнеше сағаттың әлеуметтік желілерге бейсаналы түрде жұмсалуы. Бұл – уақыттың жетіспеуі емес, оны дұрыс басқармаудың белгісі. Цифрлық тәуелділік адамның зейінін әлсіретіп, ұзақ мерзімді мақсаттарға жетуін қиындата түседі.Прокрастинация, яғни істі кейінге қалдыру, осының айқын көрінісі. Психолог маман Гүлжайна Ғабитқызының айтуынша, прокрастинация –  «адамның белгілі бір тапсырманы орындауды кейінге қалдыру әдеті» – деп анықтама берген. Ислам тұрғысынан бұл – нәпсіге ерік беру және жауапкершіліктің әлсіреуі ретінде қарастырылады.

Ислам ғалымдары уақыттың құндылығын терең пайымдап, оның қадірін ұғындыратын тағылымды ойлар мен даналық сөздер қалдырған. Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Жамандықтың ең үлкені – уақытын босқа өткізу». Оның пікірінше, адамның ең қымбат байлығы – уақыт, ал оны бейқамдықпен өткізу рухани және өмірлік тұрғыдан орны толмас зиянға әкеледі. Себебі уақытты жоғалту тек бір сәтті жіберіп алу емес, керісінше адамның өзін жетілдіруге, білім алуға және игі амал жасауға берілген мүмкіндігінен айырылуы болып табылады. Ибн әл-Қайим: «Асылы, адамзаттың уақыты оның өмірі. Уақыт бұлт сияқты өтіп кетеді. Кімнің уақыты Алла үшін және Алламен бірге болса, уақыт оның тіршілігі мен өмірі. Әйтпесе адамзат тіршілігі есеп емес. Кісі өз заманы мен уақытының қадірін білуі, тіпті бір сәтін де босқа өткізбеуі және сәйкесінше ең абзал сөз бен шаруа атқаруы лазым. Әрдайым ниеті жақсылыққа бағытталуы және орындаған амалдарында немқурайлы болмауы қажет», – дейді. Сондықтан өмір мен уақытты бір-бірінен бөлу мүмкін емес, өйткені уақытты жоғалту адамның өз ғұмырын біртіндеп мәнсіздендіріп, ақыр соңында толық жоғалтуымен тең. Ал Хасан әл-Басри: «Ей, адам баласы! Сенің күндізің (уақытың) – қонағың. Оған жақсылап қара. Егер жақсы мәміледе болсаң, алғысын айтып қош айтысады. Ал, жамандық жасасаң, сені масқаралап шығып кетеді», – деп, әрбір өткен күн адамның ғұмырынан бір бөлікті өзімен бірге ала кететінін ескертеді.

Сахабалардың өмірі уақытты тиімді пайдаланудың айқын үлгісі ретінде көрінеді, өйткені олар әр сәтін бос өткізбей, оны игі амалға, білімге және қоғамға пайда келтіруге жұмсаған. Хазіреті Әли (р.а.) өзінің бір сөзінде: «Уақыт – қылыш. Егер сен оны шаппайтын болсаң, ол сені шабады», – деген екен. Демек, кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі қауіпті жағдайларға ұласуы мүмкін. 

Ернат Абдрахов,

Нигде Өмер Халисдемир университетінің 

PhD докторанты, 

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы

Қазіргі ғылыми зерттеулер де уақытты тиімді басқарудың маңызын дәлелдейді.Психология саласындағы еңбектерде адамның назарын жиі бөлу (мысалы, смартфон хабарламалары арқылы) оның өнімділігін бірнеше есе төмендететіні анықталған.Сонымен қатар, көп тапсырманы қатар орындау (multitasking) тиімді емес екені дәлелденген: ол жұмыстың сапасын төмендетіп, уақытты көбірек жұмсауға әкеледі. Бұл тұжырымдар ислам іліміндегі «әр істі ықыласпен және толық орындау» қағидасымен үндеседі.

Цифрлық дәуірде уақытты тиімді басқару үшін адамға ең алдымен өзін-өзі бақылау қажет. Әлеуметтік желілерге нақты уақыт шектеу қою, күн тәртібін жоспарлау және маңызды істерді бірінші орынға қою – негізгі қадамдардың бірі. Сонымен қатар, әрбір істі дұрыс ниетпен бастау да маңызды. Себебі исламда амалдың құндылығы ниетке байланысты бағаланады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) «Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды», – дейді. Яғни, бұл хадистегі жүрек деген сөздің астарында ниет жатқаны меңзелуде. Сахаба Әбу Хурайра: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» деп, барлық мәселенің дұрыс бағытта болуы тікелей ниетке байланысты екенін ескерткен. Дана халқымыз да: «Жақсы ниет – жарым ырыс», «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды», «Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді», «Пейілі жаман пәлеге жолығады, бітпейтін жалаға жолығады» деп ниетке байланысты мақал-мәтелдер де айтқан.

Уақытты тиімді пайдалану – тек дүниелік жетістікке жетудің құралы емес, сонымен қатар рухани дамудың да негізі. Адам өз уақытын дұрыс басқару арқылы білімін арттырып, қоғамға пайда келтіріп, Алла алдындағы міндеттерін де толық орындай алады.Керісінше, уақытты бос өткізу адамның өмірін мәнсіз етеді.

Қорыта айтқанда, цифрлық дәуірдегі уақытты басқару мәселесі адамның ішкі тәртібі мен рухани деңгейіне тікелей байланысты. Құран аяттары, Пайғамбар хадистері және ғалымдардың сөздері уақыттың баға жетпес құндылық екенін айқын көрсетеді.Қазіргі технологиялар адамға қызмет етуі тиіс, ал оны басқару – адамның өз қолында.Уақытты қадірлеу – саналы өмірдің және табыстың басты шарты. Сонымен қатар, уақытты дұрыс пайдалану адамның мақсатқа жету қабілетін арттырып қана қоймай, оның өмір сапасын да жақсартуы қажет. Босқа өткен уақыт – қайтып келмейтін мүмкіндік, сондықтан әрбір сәтті пайдалы іспен толтыру мұсылмандық және адамгершілік тұрғыдан маңызды. Цифрлық алаңдар мен әлеуметтік желілер адамды алаңдататын құралға айналмай, керісінше білім мен пайдалы ақпарат алудың көзі болуы керек. Сол себепті әр адам өз уақытын бақылап, оны мақсатты түрде жоспарлауды әдетке айналдырғаны жөн.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Мұхаммед Ибраһим, «Хасан Басри хикметтері», 24 қараша 2020 https://www.muslim.kz/article/khasan-basri-khikmetteri

2. Имам әл-Бухаридың жинағы 

3. Жұмабаев Данияр, «Уақытты тиімді пайдалану – игіліктің белгісі»01.07.2014 https://www.muftiyat.kz/kk/articles/sermons/2014-07-01/21471-dzhmabaev-uayittyi-timd-pajdalanu-iglkt-belgs/

4. Құлмахан Салыбек, «Адам – өтіп бара жатқан күндер»12.03.2022 https://muslim.kz/article/adam-otip-bara-zhatqan-kunder

5. Жұма уағызы, «Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты», 18.04.2018 https://www.muftyat.kz/kk/nasihat/zhuma-minberi/2018-04-18/21867-shyin-mnnde-amaldar-nietke-bajlanyistyi-zhma-uayiz/