Кісі ақысы – исламдағы ең үлкен жауапкершілік

Ислам діні әділеттілік пен адалдықты қоғам тұрақтылығының негізгі шарты ретінде қарастырады. Сол себепті кісі ақысы (құл ақысы) ерекше маңызға ие. Кісі ақысы дегеніміз – бір адамның екінші бір адамның мал-мүлкіне, ар-намысына, еңбегіне немесе құқықтарына зиян келтіруі. Бұл ұғым тек материалдық дүниемен ғана шектелмей, адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, артынан өсек айту, қулықпен алдау, уәдеде тұрмау секілді қылықтарды да қамтиды. Исламда Алла Тағалаға кейбір күнәлардыкешіріуі мүмкін, алайда кісі ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі адамды Алла Тағала кешірмейтіні айтылған. Сондықтан кісі ақысы, мұсылман үшін ең ауыр жауапкершіліктердің бірі болып саналады. Қазақ халқымыз кісі ақысына айрықша жауапкершілікпен қараған. Дәстүрлі дүниетанымда кісі ақысы тек діни ұғым ғана емес, адамгершіліктің, ар-намыстың және әділеттің өзегі ретінде қарастырылған.

Құран Кәрімде Алла Тағала адамдардың ақысын бұзуға және біреудің дүниесін заңсыз иемденуге қатаң тыйым салған. Мысалы Құранда Алла Тағала: «Бір-біріңнің малыңды нақақтан-нақақ арам жолмен жемеңдер…» («Бақара» сүресі, 188-аят). Бұл аятта әділетсіз табыс табу, пара алу, біреудің дүниесін заңсыз иемдену секілді әрекеттердің барлығы ауыр күнә екені анық көрсетілген. Сонымен қатар «Ниса» сүресінің 36-аятында Аллаға құлшылық етумен бірге ата-анаға, туыстарға және көршілерге ізгі қарым-қатынас жасау да бұйырылған. Бұл аяттар адамның қоғамдағы жауапкершілігін нақтылап, кісі ақысының жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға ортақ маңызды құндылық екенін білдіреді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) хадистерінде кісі ақысына ерекше тоқталған. Әбу Заррдан жеткен хадисте: Пайғамбарымыз (с.а.с): Алла Тағала: «Құлдарым!Мен зұлымдықты өзөзіме харам қылдым (ешкімге қиянат жасамаймын). Сондай-ақ, оны сендер үшін де харам еттімЕндеше, бір-бірлеріңе әсте зұлымдық жасамаңдар» деп ескертеді. Бұл хадисте кісі ақысының түп-төркіні әділетсіздік пен зұлымдықта жатқанын аңғартады. Яғни, біреуге әділетсіздік жасау – кісі ақысына қол сұғып, оның құқығын бұзу деген мағынаны білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кімде-кім бір қарыс жерді зорлықпен тартып алса, қиямет күні мойнына жүктеледі», – деген. Бұл хадисте аз ғана қиянаттың өзі ақыретте ауыр жауапкершілікке айналатыны айтылған. Ислам ғалымдары бұл хадистерге сүйене отырып, құл ақының кешірілуі тек жәбір көрген адамның разылығымен ғана мүмкін болатынын атап өткен.

Ислам ғұламалары кісі ақысының маңызын және оның жауапкершілігін ерекше дәріптеген. Мысалы, Имам Ғазали өз еңбектерінде адамның рухани тазалығы тек құлшылықпен ғана емес, адамдардың ақысын сақтаумен де өлшенетінін айтқан. Ал Имам Әбу Ханифа әділеттілікті иманның ажырамас бөлігі ретінде қарастырып, біреудің ақысын жеу үлкен күнә екенін ескерткен. Ғалымдардың пікірінше, кісі ақысы қоғамдағы сенімді нығайтып, тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі құндылықтардың бірі ретінде қаралады. Яғни, адамдар бір-бірінің құқығын сақтап, құрметтейтін болса, қоғамда әділет пен тыныштық орнығатыны сөзсіз. Ал егер адамдардың құқығы бұзылса, қоғамда жемқорлық, алдау және өзара сенімнің жоғалуы сияқты жағымсыз жағдайлар белең алуы мүмкін.

Қазақ халқының дәстүрлі тәрбиесінде де кісі ақысына үлкен мән беріліп, «біреудің ала жібін аттама» деген нақыл сөздермен ұрпағының құлағына құйып отырған. Бұл сөз тек ұрлықтан тыйылуды ғана емес, жалпы кез келген адамға қиянат жасап, зиян тигізбеуді меңзейді. Демек, ұлттық дәстүрлер мен исламдық ұстанымдар бұл тұрғыда бір-бірімен сәйкес келіп, ортақ қағиданы көрсетеді. Кісі ақысына сақ болу – адамның имандылығы мен моральдық деңгейінің көрінісі.

Қорытындылай келе, кісі ақысы – исламдағы ең маңызды және ең ауыр жауапкершіліктердің бірі. Құран аяттары мен хадистерде бұл мәселе айқын көрсетіліп, зұлымдыққа қатаң тыйым салынған. Әрбір мұсылман адам өз іс-әрекетіне жауапты екенін ұмытпай, ешкімнің ақысын жемеуге, адал өмір сүруге ұмтылуы тиіс. Егер біреуге қиянат жасалса, дереу кешірім сұрап, оның ақысын қайтару қажет. Өйткені кісі ақысын сақтап, ешкімге қиянат жасамау, адамның дүниедегі берекелі өмір сүруіне де, ақыреттегі жауапкершіліктен аман болуына да себеп болатын ең маңызды жолдардың бірі. Ислам ілімінде өзгенің құқығына қол сұқпау адамның иманын кемелдендіретін әрі қоғамда әділет пен сенімді нығайтатын маңызды амал ретінде қарастырылады. Сол себепті бұл қағиданы ұстану тек рухани тазалыққа емес, сонымен бірге екі дүниеде де құтылуға жетелейтін негізгі себептердің бірі ретінде қарастырылады.

Пайдаланылған әдебиеттер: 

Құран Кәрім («Бақара» сүресі, 188-аят; «Ниса» сүресі, 36-аят)

Имам Науауи, Хадистер жинағы (Риядус салихин), 57

Сахих Муслим, Бую, 1612

Сахих Бухари, Мазалим, 10

Имам Ғазали, Ихия улум ад-дин

Ернат Абдрахов 

Нигде Өмер Халисдемир университетінің 

PhD докторанты, 

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы