Атырау облысындағы бірқатар мешіттерге заманауи интерактивті тақталар уақып ретінде табысталды.
Аталған игі бастама жамағатқа діни білім беруді жетілдіру, уағыз-насихат жұмыстарын заманауи форматта жүргізу мақсатында жүзеге асырылды.
Уақып қорының өңірдегі жауапты маманы Ажок Саясатұлының айтуынша, бұл құрылғылар мешіттердегі оқу-ағарту ісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
«Интерактивті тақталар имамдардың дәрістерін көрнекі әрі түсінікті өткізуіне жағдай жасайды. Бұл, әсіресе, жастар мен шәкірттер үшін өте тиімді құрал. Алдағы уақытта мұндай жобалар жалғасын табады», – деді ол.
Айта кетейік, уақып – қоғам игілігі үшін жасалатын қайырымдылықтың бір түрі. Бұл бастама мешіттердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, діни білім беру сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді.





