Шетелде діни білім алу қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесі

Кіріспе

 Қазіргі жастардың шетелде білім алып, кәсіби және академиялық әлеуетін арттыруға ұмтылысы, заңды әрі қолдауға лайық құбылыс. Басқа елдегі беделді университетте оқу білімнің түпнұсқа дереккөздеріне қол жеткізуге, шет тілін меңгеруге, халықаралық ғылыми ортамен байланыс орнатуға және әртүрлі мәдени тәжірибені танып-білуге мүмкіндік береді. Бұл артықшылықтар діни білім саласына да қатысты: білім алушы классикалық еңбектерді түпнұсқа тілінде зерттеп, белгілі ғалымдардың дәрістеріне қатысып, ғылыми пікір алмасу мәдениетін қалыптастыра алады.

Сонымен бірге діни білім қарапайым ақпарат жинаумен шектелмейді. Ол адамның құндылықтарына, мінез-құлқына, азаматтық ұстанымына және қоғаммен қарым-қатынасына тікелей ықпал етеді. Сол себепті оқу орнының құқықтық мәртебесі, бағдарламаның мазмұны, оқытушылардың біліктілігі мен идеологиялық бағыты алдын ала тексерілуге тиіс. Ресми емес ортада алынған білім діни ұғымдарды біржақты түсіндіруге, ұлттық дәстүр мен зайырлы құқықтық тәртіпті жоққа шығаруға, тіпті күш қолдануды ақтайтын көзқарастардың қалыптасуына әкелуі ықтимал.

Шетелдік діни білімнің мүмкіндігі мен тәуекелі

Шетелде білім алудың басты артықшылығы: қалыптасқан ғылыми университетпен тікелей танысу. Алайда «шетелдік» деген сипат оқу сапасының автоматты кепілі емес. Бір елдің өзінде мемлекеттік университет, жеке институт, қысқа мерзімді курс, мешіт жанындағы дәріс және заңсыз жабық оқу ортасы қатар жұмыс істеуі мүмкін. Олардың дипломының танылуы, оқу бағдарламасының мазмұны және түлектерге қойылатын талаптары бірдей емес. Сондықтан талапкер оқу орнының аккредиттелуін, лицензиясын, қабылдау шарттарын, дипломының Қазақстанда танылу мүмкіндігін және жатақхана мен қауіпсіздік талаптарын ресми арналар арқылы тексеруі қажет.

Тәуекел көбіне базалық діни сауаты жеткіліксіз, сыни ойлау дағдысы қалыптаспаған және діни терминдердің мәнін ажырата алмайтын жастарда жоғары болады. Мұндай жағдайда харизмалық уағызшының беделі ғылыми дәлелден жоғары қойылып, топтық бағыну жеке пайымның орнын басуы мүмкін. Бейресми орталар адамның әлеуметтік байланысын шектеп, «біз және олар» үлгісіндегі ойлауды күшейтуі ықтимал. Нәтижесінде өзге пікірді жау көру, отбасы мен қоғамнан оқшаулану, жергілікті діни дәстүрді терістеу белгілері пайда болады.

Радикалдану факторлары және тарихи сабақ

2010 жылдардағы Таяу Шығыстағы қақтығыстар радикалды насихаттың шекарамен шектелмейтінін көрсетті. Қазақстан азаматтарының бір бөлігі жалған діни ұрандардың ықпалымен Сирия мен Ирактағы соғыс аймақтарына кеткені қоғам үшін ауыр сабақ болды. Кейін Қазақстан «Жусан» гуманитарлық операциялары арқылы жүздеген азаматты, олардың басым бөлігі әйелдер мен балаларды елге қайтарды. Ресми мәліметте операциялардың бір кезеңіне қатысты 600 адамның, соның ішінде 413 баланың эвакуацияланғаны көрсетілген. Бұл жағдай радикалдануды тек қылмыстық-құқықтық мәселе ретінде емес, діни сауаттылық, отбасы, психология, әлеуметтік орта және цифрлық коммуникация тоғысындағы күрделі үдеріс ретінде қарастыру қажеттігін дәлелдейді.

Дегенмен шетелде оқыған әр адамды күдікпен қабылдау ғылыми да, әділетті де емес. Радикалданудың себептері көп факторлы: жеке дағдарыс, әлеуметтік оқшаулану, діни білімнің таяздығы, жалған беделге соқыр сену, жабық топтың қысымы және интернеттегі мақсатты үгіт бір-бірін күшейтуі мүмкін. Сондықтан мәселені «шетелде оқу – радикалдану» деген қарапайым байланысқа тіреу қате. Негізгі өлшем, білім беру ортасының ресмилігі, мазмұнының ашықтығы, білім алушының дайындығы және қауіпсіз байланыс жүйесінің болуы.

Цифрлық ортадағы діни білім және ақпараттық қауіпсіздік

Пандемия жылдарында білім беру мен күнделікті коммуникацияның онлайн форматқа жаппай ауысуы діни контентті тұтыну тәсілін де өзгертті. Бүгінде жастар шетелге шықпай-ақ шетелдік уағызшылардың дәрістерін тыңдап, жабық мессенджер топтарына қосылып немесе өзін «ұстаз» ретінде таныстыратын белгісіз тұлғалардан діни білім ала алады. Мұндай үрдіс бейресми діни білім алу ауқымының кеңеюіне ықпал етуде.

Интернеттегі діни материалды бағалағанда автордың білімі, ұйымдық тиесілігі, материалдың жарияланған платформасы және қолданылған дереккөздер тексерілуі керек. Эмоциялық қысым, қоғамды толықтай «адасқан» деп көрсету, заңды тәртіпті мойындамауға шақыру, өзге мұсылмандарды жаппай айыптау, жасырын топтарға көшуге үндеу және зорлықты ақтау, қауіпті мазмұнның белгілері. Мұндай материалға тап болғанда оны таратпай, ресми теологтардан түсіндірме алу және қажет жағдайда құзыретті органдарға хабарлау маңызды.

Отбасы мен білім беру ұйымдарының рөлі

Шетелде білім алуға байланысты алдын алу шаралары тек тыйым салумен шектелмеуге тиіс. Ата-ана баласының қай оқу орнында оқитынын, бағдарламаның кімге тиесілі екенін, қаржыландыру көзі мен тұратын ортасын білуі қажет. Бұл бақылау ересек жастың жеке кеңістігін бұзу емес, қауіпсіздікке қатысты ашық диалог орнату ретінде жүргізілгені дұрыс. Балада көзқарас өзгерісі байқалса, бірден айыптау немесе күш қолдану оның жабық топқа одан әрі тәуелді болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан тыңдау, сұрақ қою және кәсіби теолог пен психологтың көмегіне жүгіну тиімдірек.

Мектептер мен жоғары оқу орындарында діни сауаттылықты құқықтық және медиасауаттылықпен байланыстыра оқыту қажет. Жас маман діни мәтінді түсіндіру әдістерін ғана емес, ақпарат көзін тексеруді, манипуляцияны тануды, Қазақстанның зайырлы қағидаттарын және ар-ождан бостандығының құқықтық шектерін білуге тиіс. Осындай кешенді дайындық сыртқы идеологиялық ықпалға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыратыны сөзсіз.

Қазақстандағы діни білім беру мүмкіндіктері

Діни мамандықты таңдаған жастар үшін бастапқы және базалық білімді Қазақстанда алудың бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, оқу бағдарламасы елдің құқықтық кеңістігімен, тарихи тәжірибесімен және қоғамның мәдени ерекшеліктерімен сабақтасады. Екіншіден, студенттің отбасы және кәсіби орта байланысы сақталады. Үшіншіден, білім беру ұйымының мәртебесін, дипломын және оқытушылар құрамын тексеру жеңілдейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми тізімінде «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы Ислам институты және тоғыз медресе-колледж көрсетілген. Сонымен қатар еліміздің бірқатар зайырлы жоғары оқу орындарында дінтану, исламтану және теология бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Бұл бағдарламалар дінді тарих, философия, әлеуметтану, құқық және мәдениеттану тұрғысынан кешенді зерттеуге мүмкіндік береді. Оқу орындарының тізімі мен мәртебесі өзгеруі мүмкін болғандықтан, талапкер соңғы ақпаратты ресми сайттар мен білім беру бағдарламаларының тізілімінен тексеруге тиіс.

Шетелде білімін жалғастырғысы келетін талапкер үшін қауіпсіз бағыт, Қазақстанда базалық білім алып, тілдік және академиялық даярлығын жетілдіргеннен кейін магистратура, докторантура немесе тағылымдамаға ресми бағдарлама арқылы бару. Қазақстанда шетелдік оқу мүмкіндіктері «Болашақ» бағдарламасы, академиялық мобильдік және мемлекетаралық келісімдер сияқты тетіктермен іске асырылатыны ресми ақпаратта көрсетілген. Діни бағыттағы сапар кезінде бұған қоса ҚМДБ-ның, оқу орнының және тиісті мемлекеттік мекемелердің ұсынымдарын ескерген жөн.

Практикалық ұсынымдар

Оқу орнының лицензиясын, аккредиттелуін және дипломының танылу тәртібін ресми дереккөзден тексеру.

Бакалаврлық деңгейдегі базалық діни білімді Қазақстандағы лицензияланған оқу орнында алу.

Шетелдік бағдарламаға құжат берер алдында ҚМДБ, отандық жоғары оқу орны және уәкілетті мемлекеттік органдармен кеңесу.

Оқу бағдарламасы, оқытушылар құрамы, қаржыландыру көзі, жатақхана және студенттік ортаның ашықтығын бағалау.

Бейресми «хұжыралар», «мәркәздар», жасырын үйірмелер және құжатсыз қысқа курстардан бас тарту.

Отбасымен тұрақты байланыс орнатып, төтенше жағдайға арналған байланыс жоспарын алдын ала келісу.

Интернеттегі діни материалды бірнеше сенімді дереккөзбен салыстырып, күмәнді контентті маманға көрсету.

Қорытынды

Шетелде діни білім алу, білім алушының жеке таңдауымен ғана шектелмейтін, отбасы, білім беру ұйымы және қоғам алдындағы жауапкершілікті қамтитын шешім. Оның артықшылығы ресми, беделді және ашық оқу ортасында ғана толық көрінеді. Ал мәртебесі белгісіз ұйым, жасырын оқу жүйесі және радикалды интернет ортасы діни ұғымдарды бұрмалап, адамның көзқарасына және қоғамдық қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздіктің негізгі шарты, тыйым емес, саналы таңдау: базалық білім, сыни ойлау, құқықтық сауат, ресми кеңес және тұрақты отбасылық байланыс. Дұрыс таңдалған білім жолы ғана жастың рухани дамуына, кәсіби қалыптасуына және ел игілігіне қызмет етуіне мүмкіндік береді.

Ернат Абдрахов

Нигде Өмер Халисдемир университетінің

PhD докторанты,

«Х. Досмұхамедов» атындағы университетінің

аға оқытушысы,

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы