АТЫРАУДА ЖАС ОТБАСЫЛАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

«Ислам және адал қоғам» жылы аясында Ихсан мешітінде жас отбасыларға арналған «Адалдық пен жауапкершілік» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

Шара барысында отбасы құндылықтарын нығайту, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен сенімді арттыру, сондай-ақ қоғамдағы адалдық қағидаларын дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды.

Семинарда Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөз сөйлеп, отбасының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:
«Отбасы – қоғамның іргетасы. Әрбір шаңырақ адалдық пен жауапкершілікке негізделсе, қоғам да берік болады. Ерлі-зайыптылар бір-біріне аманат ретінде қарауы керек. Исламда отбасы құру – тек бірге өмір сүру емес, ол үлкен жауапкершілік пен өзара түсіністікке негізделген қасиетті байланыс», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, Иманғали орталық мешітінің наиб имамы, жастар ісі секторы бойынша жауапты Мағжан Игенбайұлы, әйел-қыздар секторының жауапты өкілі Назгүл Данаева, Ихсан мешітінің имамы Қанат Мұратұлы және ҚР Ғылыми психологтар ассоциациясының мүшесі, психолог Бақтыгүл Иманғазықызы қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Психолог маман отбасыдағы сенім, түсіністік пен сыйластықтың маңызын психологиялық тұрғыда түсіндіріп, өмірге қажетті нақты кеңестер ұсынды. Ал дін қызметкерлері исламдағы отбасының рөлі, ата-ана жауапкершілігі мен бала тәрбиесіндегі өнеге мен парасаттылық туралы мазмұнды насихат жүргізді.

Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, пайдалы кеңестер ұсынылып, жас отбасыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Аталған семинар жас отбасылардың рухани дамуына серпін беріп, қоғамдағы ізгілік пен жауапкершілік құндылықтарын насихаттауға бағытталды.