АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ ОРЫНБОРДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

Ресейдің Орынбор қаласында тарихи «Хусаиния» медресесінің 135 жылдығына орай Ресей халықтарының рухани құндылықтарының бірлігіне арналған халықаралық ғылыми-теологиялық конференция өтті. Маңызды жиынға Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы арнайы қатысып, баяндама жасады.

Халықаралық басқосуға Ресей мұсылмандарының Орталық діни басқармасының төрағасы Талғат Сафа Тәжуддин, Орынбор облысының губернаторы Евгений Александрович, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің дін өкілдері, Ресейдің діни басқармалары, ислам білім беру ұйымдарының жетекшілері, ғалымдар мен теологтар қатысты.

Жиын барысында Болатбек Ұласқанұлы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізіп, халықаралық конференцияның маңыздылығына тоқталды.

Өз баяндамасында Атырау облысының бас имамы рухани құндылықтардың халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтудағы рөліне тоқталып, қазақ халқының дәстүрлі діни танымы мен ұлттық құндылықтарының сабақтастығы жөнінде ой бөлісті.

Сонымен қатар ислам дінінің бейбітшілікке, бірлікке және ізгілікке үндейтін асыл қағидаттарын атап өтіп, діни қызметкерлердің қоғамдағы тұрақтылық пен рухани келісімді қалыптастырудағы жауапкершілігіне назар аударды.

Конференция барысында қатысушылар рухани құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі діннің қоғамдағы орны, дінаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, сондай-ақ Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдері арасындағы діни-рухани байланысты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.