Мектеп киімі және зайырлы білім беру кеңістігі, құқық пен жауапкершілік арақатынасы

Қазіргі қоғамда адамның діни көзқарасы мен оның қоғамдық ортадағы құқықтары туралы мәселе жиі талқыланады. Әсіресе бұл мәселе балалар мен жасөспірімдер білім алатын мектеп ортасында ерекше мәнге ие. Себебі мектепте әртүрлі отбасынан, түрлі әлеуметтік және дүниетанымдық ортадан шыққан балалар бір кеңістікте білім алуда.Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі сипаты азаматтардың діни сеніміне араласпау және әр адамның ар-ождан еркіндігін құрметтеу қағидаттарымен тығыз байланысты. Алайда зайырлылықты «қоғамда діни ұстанымдарға орын жоқ» деген түсінікпен теңестіруге болмайды. Зайырлы қоғамда қоғамдық өмір мен әлеуметтік қатынастар азаматтардың діни сеніміне немесе дүниетанымына тәуелді болмай, жалпыға бірдей міндетті заңдар мен құқықтық қағидаттар негізінде реттеледі.Осы тұрғыдан алғанда, мектептегі киім мәселесі жеке адамның сенімі мен қоғамдық мекемедегі белгіленген тәртіптің арақатынасын көрсететін маңызды мысалдардың бірі.

Мектеп – ортақ ереже қалыптасатын әлеуметтік орта

Баланың мектептегі өмірі тек сабақпен шектелмейді. Ол осы ортада қарым-қатынас жасау, өзгенің құқығын ескеру, қоғамдық тәртіпке бағыну және жауапкершілік таныту сияқты әлеуметтік дағдыларды қалыптастырады.Мектептің өзге қоғамдық орындардан басты айырмашылығы оқушылардың ұзақ уақыт бойы бір ортада бірге білім алуымен және олардың барлығына ортақ тәртіп пен талаптардың белгіленуімен сипатталады. Сабақтың басталу уақыты, оқу құралдары, қауіпсіздік ережелері және мектеп формасы секілді талаптардың болуы осы ортақ тәртіптің құрамдас бөлігі.Сондықтан мектеп киіміне қойылатын талапты тек «не киюге болады немесе болмайды» деген тар шеңберде қарастыру мәселенің мәнін толық ашпайды. Оның артында білім беру ұйымының ішкі тәртібі, оқу процесінің ұйымдастырылуы және оқушылардың барлығына бірдей талап қолдану принципі жатыр.

Киім үлгісінің құқықтық сипаты

Қазақстан Республикасында орта білім беру ұйымдарындағы мектеп формасына қойылатын талаптар нормативтік құқықтық актілер арқылы белгіленеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілген.Бұл құжат мектеп формасының сипатына, оның элементтеріне және білім беру ұйымдарындағы киім тәртібіне қатысты негізгі талаптарды айқындайды. Нормативтік талаптардың болуы әр мектептің өз бетінше қалаған ережені енгізуіне емес, белгіленген құқықтық шеңберде әрекет етуіне мүмкіндік береді.Бұл жағдайда мектеп формасына қойылатын талаптар оқушының жеке талғамынан гөрі, білім беру ұйымында белгіленген ортақ тәртіп пен талаптарды басшылыққа алуды көздейді. Яғни оқушы мектепке келген кезде сол білім беру ұйымының белгіленген ережелерін сақтауға міндетті. Бұл қағиданы басқа мектеп ережелерімен салыстыруға болады. Мысалы, оқушы сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануға қатысты белгіленген тәртіпті немесе мектеп ғимаратындағы қауіпсіздік талаптарын орындауы тиіс. Сол сияқты киімге қатысты талаптар да білім беру процесінің ұйымдастырылуымен байланысты ортақ нормалардың бірі.

Діни сенім бостандығы және мектеп тәртібі

Бұл мәселенің өзектілігі діни сенім бостандығы мен мектеп формасына қойылатын талаптардың өзара үйлесімділігін анықтаумен байланысты. Адамның белгілі бір діни сенімді ұстануы оның жеке өмірі мен ар-ождан еркіндігіне қатысты. Мемлекет азаматтардың сеніміне байланысты кемсітушілікке жол бермеуі керек. Бірақ бұл еркіндік кез келген қоғамдық ортадағы барлық ережені орындаудан босатады дегенді білдірмейді.Мектеп оқушының діни көзқарасын бағалайтын немесе оның сенімін анықтайтын орын емес. Оның негізгі міндеті білім беру. Сондықтан білім беру ұйымы оқушыларға ортақ талаптарды олардың діни немесе діни емес көзқарасына қарай емес, жалпыға бірдей қолданылатын нормативтік тәртіпке сүйеніп белгілеуі қажет.Осы жерде «зайырлылық» пен «дінге қарсылық» ұғымдарын шатастырмау маңызды. Мектеп формасында діни сипаттағы арнайы элементтердің болуына қойылған шектеу белгілі бір дінді жоққа шығару ретінде түсіндірілмеуі тиіс. Мұндай талаптың мәні, білім беру ұйымының ортақ кеңістігін белгілі бір діни бағыттың ерекшеліктерінен тыс ұйымдастыру.

Мектеп формасын енгізудің маңызды мақсаттарының бірі оқушылар арасындағы әлеуметтік ерекшеліктердің айқын байқалуын азайту. Әр отбасының материалдық мүмкіндігі әртүрлі болуы мүмкін. Егер мектепте киімге қатысты ешқандай ортақ талап болмаса, оқушылар арасында киімнің бағасы, бренді немесе сәні арқылы әлеуметтік айырмашылықтардың байқалуы ықтимал.Бірыңғай мектеп киімі осы айырмашылықтарды белгілі бір деңгейде бейтараптандырып, назарды сыртқы ерекшеліктерден оқу процесіне бұруға мүмкіндік береді.Бұл жерде мектеп формасы барлық баланы біркелкі ету үшін емес, олардың мектептегі ортақ мәртебесін айқындау үшін қажет. Оқушының жеке тұлғасы оның киімімен ғана өлшенбейді. Оның білімі, қабілеті, мінез-құлқы және қоғамға қосатын үлесі әлдеқайда маңызды.

Мектеп пен ата-ананың өзара жауапкершілігі

Киім мәселесінде мектеп әкімшілігінің ғана емес, ата-ананың да жауапкершілігі бар. Ата-ана баласының мектептің ішкі тәртібімен танысып, белгіленген талаптарды түсіндіруі қажет.Ал мектеп әкімшілігі өз кезегінде талаптарды оқушының ар-намысына тиетін немесе оны діни сенімі үшін кемсітетін сипатта қолданбауы керек. Ережені сақтау қажеттілігі түсіндіру және мәдени диалог арқылы жеткізілгені жөн.Әсіресе жасөспірімдермен жұмыс кезінде бұйрық беруден бұрын талаптың себебін түсіндіру маңызды. Бала белгілі бір ереженің не үшін енгізілгенін түсінген жағдайда, оны орындау формалды міндеттен саналы жауапкершілікке айналады.Сондықтан мектеп киіміне қатысты дауларды шешуде екі тараптың да құқықтары мен міндеттері ескерілуі қажет. Құқықтық талаптың орындалуы адамның қадір-қасиетін құрметтеумен қатар жүруі тиіс.

Қорытынды

Мектептегі киім мәселесі сыртқы келбетке қойылатын қарапайым талаптан әлдеқайда кең ұғымды қамтиды. Ол зайырлы білім беру принципі, ішкі тәртіп, діни сенім бостандығы, ата-ана жауапкершілігі және баланың білім алу құқығы сияқты бірнеше маңызды мәселенің тоғысында тұр.Қазақстанда зайырлы білім беру ортасын қалыптастырудың мәні оқушының діни сенімін жоққа шығару емес, мектеп қабырғасында баршаға ортақ құқықтық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету. Әр азаматтың сенімі құрметтелгенімен, қоғамдық және білім беру ұйымдарында белгіленген ортақ ережелер де сақталуы тиіс.

Мектеп формасына қатысты талаптарды осы тұрғыдан қабылдау қоғамдағы қажетсіз түсініспеушіліктердің алдын алуға мүмкіндік береді. Мұнда басты ұстаным «кімнің сенімі дұрыс?» деген сұрақ емес, «барлық оқушы үшін ортақ құқықтық тәртіп қалай қамтамасыз етіледі?» деген сұрақ болуы қажет.Зайырлы мектептің негізгі міндеті баланы белгілі бір дүниетанымға мәжбүрлеу емес, оған сапалы білім беріп, заңды құрметтейтін, өзгенің құқығын мойындайтын және әртүрлі көзқарастағы адамдармен бейбіт қарым-қатынас жасай алатын азамат қалыптастыру. Сондықтан мектеп киіміне қатысты талаптар да осы кеңірек тәрбиелік және құқықтық мақсатпен сабақтас қарастырылуы қажет.

Ернат Абдрахов

Нигде Өмер Халисдемир университетінің

PhD докторанты,

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы.