АТЫРАУДА «ІЛІМ АЛҚАСЫ» ТОБЫНЫҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Атырауда Білім күні қарсаңында білікті ұстаздардан құралған «Ілім алқасы» тобының кезекті мәжілісі өтті.

Жиында өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, діни білім беру мен ағартушылық бағыттағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мәжіліс барысында діни білім беру ісін жетілдіру, ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуы және қоғамға дұрыс діни түсінік қалыптастыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар ұстаздардың діни еңбектермен қатар қазақ халқының рухани-тарихи мұрасын, танымдық және көркем әдеби шығармаларды жүйелі түрде оқып, білім көкжиегін кеңейтуі маңызды екені айтылды.

Жиын барысында жаңадан қызметке қосылған білікті жас мамандарды «Ілім алқасы» құрамына енгізу туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті мен Түркиядағы Хасеки академиясын тәмамдаған Шеризат Абдулфаттах, Қадимов Нұрсат, Серік Серіжан, Тәжібай Жеңіс есімді ұстаздар алқа құрамына қосылды.

«Ілім алқасы» – діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, жат діни ағымдардың алдын алу және қоғамда дұрыс діни ағартушылық мәдениетті қалыптастыру мақсатында құрылған маңызды алаң.

Алқа жұмысы аясында діни мәселелерді жан-жақты талқылап, ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға және халыққа сапалы діни ақпарат жеткізуге бағытталған жұмыстар жалғасын табады.