Қазақ халқының тарихында елдің бірлігін сақтап, мемлекеттің тұтастығын нығайтуға үлкен үлес қосқан хандар аз емес. Солардың ішінде халық арасында «Әз Тәуке» атанған Тәуке ханның орны ерекше. Тәуке хан Қазақ хандығының ішкі жағдайы күрделеніп, сыртқы қауіп күшейген кезеңде билікке келді. Осындай тарихи жағдайда Тәуке хан үш жүздің басын біріктіруге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және ел ішінде әділдік пен тәртіп орнатуға күш салды.
Тәуке ханның қызметін тек саяси немесе құқықтық тұрғыдан бағаламай, діни-рухани қырынан да қарастыруға болады. Өйткені оның ел басқару ісінде ұстанған бірлік, әділдік, кеңесу, жауапкершілік, татулық және халықтың амандығын қорғау қағидалары ислам дінінің негізгі құндылықтарымен үндесуде. Оның тұсындағы құқықтық жүйе қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрыптарынан, бұрынғы хандардың заңдарынан және исламдық құқықтық түсініктерден құралған күрделі жүйе болды.
Тәуке хан, Салқам Жәңгір ханның ұлы, Есім ханның немересі. Тарихи деректерде оның толық есімі Тәуекел-Мұхаммед Баһадүр Қазы хан деп көрсетіледі. Қазақ хандығының тағына шамамен 1680 жылы отырғаны белгілі. Оның билік еткен кезеңінде мемлекетті нығайтуға бағытталған маңызды реформалар жүргізіліп, қазақтың атақты «Жеті жарғы» заңдар жинағы қалыптасты.
Тәуке хан дәуіріндегі дін мен қоғам
Тәуке хан билік жүргізген XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында ислам діні қазақ қоғамының рухани өмірінде маңызды орын алды. Түркістан, Сайрам, Отырар және Сығанақ сияқты қалалар діни білім мен мәдениеттің орталықтары саналды. Қазақ халқы исламның ханафи мәзһабын ұстанып, діни қағидаларды дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен сабақтастыра білді.
Қазақ қоғамындағы ислам діні адамның жеке құлшылығымен ғана шектелген жоқ. Ол отбасы қатынастарына, неке мәселесіне, бала тәрбиесіне, қайырымдылыққа, үлкенді құрметтеу мен кішіге қамқорлық көрсетуге ықпал етті. Сонымен қатар ант беру, бітім жасау, дауды әділ шешу, жетім мен жесірдің ақысын қорғау сияқты қоғамдық қатынастарда діни-адамгершілік құндылықтар басшылыққа алынды.
Тәуке хан басқарған қоғамда дәстүрлі билер соты мен исламдық құқықтық түсініктер қатар қолданылды. Қазақ даласының құқықтық тәртібі толығымен тек шариғат заңдарынан тұрған жоқ. Оның негізін ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып нормалары құрады. Алайда ислам діні орныққан сайын әділдік, адалдық, аманат, жауапкершілік және жазықсыз адамға жәбір көрсетпеу сияқты діни қағидалар дәстүрлі құқықтың мазмұнына ықпал етті.Осы тұрғыдан алғанда, Тәуке хан тұсындағы мемлекеттік саясат пен құқықтық реформалар қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мен исламдық құндылықтардың өзара сабақтастығын көрсетеді.
Ислам құндылықтары мен мемлекеттік тұтастықтағы ел бірлігінің маңызы
Тәуке ханның ең үлкен еңбектерінің бірі, үш жүздің бірлігін нығайтуға күш салуы. Тәуке хан Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің арасында ортақ мемлекеттік мүддені қалыптастыруға ұмтылды. Ел ішіндегі руаралық қақтығыстар мен алауыздықтардың хандықты әлсірететінін жақсы түсінді.
Ислам дінінде бірлік пен ынтымаққа ерекше мән беріледі. Құран Кәрімде мұсылмандардың бір-біріне бауыр екені айтылып, олардың арасын татуластыруға шақырылады. «Хужурат» сүресінің 10-аятында мүміндердің бауыр екені және араздасқан адамдардың арасын жарастыру қажеттігі баяндалады. Ал «Әнфал» сүресінің 46-аятында өзара жанжалдаспау ескертіледі. Өйткені алауыздық қоғамның күш-қуатын әлсіретіп, халықтың берекесін кетіреді.
Тәуке ханның үш жүзді біріктіруге бағытталған саясатын осы діни-адамгершілік қағидалармен үндес құбылыс ретінде бағалауға болады. Тәуке хан ел ішіндегі дауларды ушықтырмай, келісім арқылы шешуге тырысты. Хан жүздер мен рулардың ерекшеліктерін жоққа шығармай, оларды ортақ мақсатқа жұмылдыруға ұмтылды.
Ислам түсінігінде елдің бірлігі саяси қажеттілік әрі қоғамдық амандықтың негізінде. Алауыздық пен өзара өшпенділік күшейген жерде адамдардың өмірі мен мал-мүлкіне қауіп төнеді. Ал тыныштық орнаған қоғамда халық еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, діни міндеттерін еркін орындай алады. Сондықтан елдің бірлігін сақтау дінді, мемлекетті, адам өмірін, ұрпақты және халықтың дүние-мүлкін қорғаумен тығыз байланысты.
«Жеті жарғы» және діни-құқықтық құндылықтар
Тәуке ханның есімімен байланысты ең маңызды мұралардың бірі «Жеті жарғы» заңдар жинағы. Ол қазақ халқының бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрыптарын, Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолын» жаңа тарихи жағдайларға бейімдеп, бір жүйеге келтірді. «Жеті жарғының» нақты қабылданған жылына қатысты зерттеушілердің пікірлері әртүрлі болғанымен, оның Тәуке ханның билігі кезінде қалыптасқаны кеңінен мойындалады.
«Жеті жарғыны» толығымен шариғат заңдарының жинағы деп атауға болмайды. Ол, ең алдымен, қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып құқығына негізделді. Сонымен қатар оның неке, отбасы, қылмыс, жауапкершілік және ант беру мәселелеріне қатысты кейбір нормаларында исламдық құқық пен мұсылмандық дүниетанымның ықпалы байқалады. Зерттеулерде «Жеті жарғыдағы» бірқатар жазалар мен шариғат нормалары арасында ұқсастық бар екені көрсетіледі.
Заңдар жинағында жер дауы, жесір дауы, құн дауы, ұрлық-қарлық, барымта, отбасы қатынастары және ел қорғау мәселелері қамтылды. Бұл нормалардың басты мақсаты – қоғамдағы тәртіпсіздікті тоқтату, адамдар арасындағы дауды шешу және әлсіздердің құқығын қорғау еді.
Жер дауы көшпелі қоғам үшін аса маңызды болды. Жер мен су халықтың тіршілігінің негізі саналғандықтан, жайылымға, қыстауға және су көздеріне байланысты жанжалдар ірі қақтығыстарға ұласуы мүмкін еді. «Жеті жарғы» осындай дауларды белгілі тәртіп бойынша шешуге мүмкіндік берді.. Исламда да біреудің жерін, мүлкін немесе ақысын заңсыз иемденуге тыйым салынады.
Құн дауы адам өлтіру немесе денеге зақым келтіру жағдайындағы жауапкершілікті реттеді. Оның мақсаты тек кінәліні жазалау емес, екі ру арасындағы кек алудың жалғасуына жол бермеу болды. Құн төлеу және бітім жасау арқылы ұзаққа созылатын қантөгісті тоқтатуға мүмкіндік туды. Ислам құқығында да адам өмірі қасиетті саналып, қасақана кісі өлтіру ауыр қылмыс ретінде бағаланады. Сонымен бірге жәбірленуші тараптың кешірім жасауына және белгілі жағдайда өтем алуға мүмкіндігі бар.
Ел қорғау және Отан алдындағы жауапкершілік
Тәуке хан билік жүргізген кезде Қазақ хандығына жоңғар шапқыншылығы үлкен қауіп төндірді. Мұндай жағдайда елдің қорғанысын күшейту және үш жүздің жасақтарын біріктіру маңызды міндет болды. Тәуке хан шекараны қорғауға, батырлар мен сарбаздарды ортақ жауға қарсы жұмылдыруға күш салды.
Ислам діні бейбітшілікті жоғары бағалайды және жазықсыз адамға шабуыл жасауға тыйым салады. Сонымен бірге елге сырттан қауіп төнген жағдайда халықтың өмірін, жерін және отбасын қорғауға рұқсат етіледі. Отан қорғау – тек әскери міндет емес, халықтың амандығын, ар-намысын, сенімін және болашағын қорғау жауапкершілігі.
Тәуке ханның сыртқы жауға қарсы елді біріктіруі осы тұрғыдан үлкен діни-адамгершілік мәнге ие. Алайда елді қорғау ұғымын орынсыз соғысқа немесе агрессияға негіз етуге болмайды. Діни түсінікте қорғаныс әділетсіздік пен басқыншылыққа қарсы бағытталуы және бейбіт халыққа зиян келтірмеу қағидасын ұстануы қажет.
Тәуке хан сонымен бірге көршілес мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатуға тырысты. Бұл оның барлық мәселені соғыс арқылы шешуге ұмтылмағанын көрсетеді. Келіссөз жүргізу, елшілік алмасу және бейбіт байланыс орнату исламдағы бітім мен татулық қағидаларына сәйкес келеді.
Тәуке ханның бірлік саясаты және жат ағымдарға қарсы рухани иммунитет
Тәуке ханның елді бірлікке шақырған саясатын қазіргі діни ахуалмен байланыстыра қарастыруға болады. Бүгінде кейбір деструктивті діни ағымдар дінді өз түсінігі бойынша түсіндіріп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі діни таным мен ұлттық құндылықтарды жоққа шығаруға тырысуда. Олар өздерінің ұстанымын бірден-бір дұрыс жол ретінде көрсетіп, өзгеше пікірдегі мұсылмандарды айыптап жүр. Мұндай көзқарас қоғамдағы діни татулыққа, ұлттық бірлікке және мемлекеттің тұрақтылығына кері әсер етіп жатыр.
Ислам діні адамдарды өзара өшпенділікке, жікке бөлінуге немесе қоғамнан оқшаулануға шақырмайды. Діннің негізгі қағидалары әділдікке, мейірімділікке, сабырлылыққа, бауырластыққа және қоғамдық келісімге негізделеді. Сондықтан діни ұстанымдарды адамдарды бөлуге, мемлекетті жоққа шығаруға немесе өзге мұсылмандарды орынсыз айыптауға пайдалану исламның рухани-адамгершілік мазмұнына сәйкес келмейді.
Кейбір жат ағым өкілдері ұлттық салт-дәстүрлерді толығымен дінге қарсы құбылыс ретінде көрсетуі, дәстүрлі діни мектептер мен отандық дін мамандарына сенімсіздік танытуы ықтимал. Сондай-ақ зайырлы мемлекетті исламға қарсы жүйе ретінде бағалап, азаматтарды қоғамнан оқшаулануға бағыттайтын пікірлерде кездесіп жатады. Мұндай ұстанымдар Тәуке хан дәріптеген ел бірлігі, ортақ жауапкершілік және қоғамдық келісім қағидаларына қайшы келуде.
Тәуке хан ел ішіндегі алауыздықты тоқтату үшін үш жүздің беделді билерін ортақ кеңеске жинады. Ал деструктивті ағымдар адамдарды ортақ құндылықтардан алыстатып, оларды «дұрыс» және «бұрыс» топтарға бөлуге ұмтылды. Тәуке ханның саясаты қоғамды біріктіруге бағытталса, радикалды көзқарастар қоғамның бөлшектенуіне алып келуде. Сондықтан оның ел басқару тәжірибесі бүгінгі таңда діни алауыздықтың алдын алуда маңызды тарихи үлгі бола алады.
Деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес күш қолдану немесе тыйым салу шараларымен ғана шектелмеуге тиіс. Оның негізгі бағыты – халықтың діни сауаттылығын арттыру, жастарға дәстүрлі ислам құндылықтарын түсіндіру, ұлттық тарих пен мәдениетті таныту және сенімді ақпарат көздерін ұсыну. Діни мәселелер бойынша білімді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттердің имамдарынан, білікті теологтардан және ресми діни білім беру мекемелерінен алған дұрыс. Сонымен бірге интернет пен әлеуметтік желілердегі діни материалдарға сын көзбен қарау қажет. Шетелдік белгісіз уағызшылар мен жабық діни топтар таратқан ақпаратты сараламай қабылдау адамның діни танымын бұрмалап, теріс көзқарастардың қалыптасуына алып келеді. Сондықтан әрбір діни пікірді Құран мен сүннеттің дұрыс түсіндірмесі, «Ханафи» мәзһабының ұстанымдары, ұлттық дәстүр және қолданыстағы заң талаптары негізінде саралау маңызды.
Қорыта айтқанда, Тәуке ханның тарихи мұрасы жат ағымдарға қарсы күресте ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын көрсетеді. Діни тұрақтылықты сақтау үшін мемлекет, дін мамандары, отбасы, білім беру ұйымдары және азаматтық қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Халықтың бірлігіне, мемлекеттің қауіпсіздігіне және қоғамдық татулыққа нұқсан келтіретін радикалды ұстанымдарға білім, түсіндіру және рухани тәрбие арқылы қарсы тұру – ортақ міндет.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты, теолог
«Х. Досмұхамедов» атындағы университетінің
аға оқытушысы «Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының мүшесі


