Абу Умар Саситлинскийдің Қазақстан үшін қаупі

Қазіргі ақпараттық қоғамда радикалды идеялар күш қолдануға тікелей шақырумен шектелмей, түрлі жасырын әрі ықпал ету тәсілдері арқылы да таралуда. Кей жағдайда олар діни уағыз, қайырымдылық, бауырластық, мұқтаж адамдарға көмектесу және әлеуметтік әділеттілік ұрандарымен астасып берілуі де мүмкін. Мұндай тәсіл қауіпті идеологияны бірден байқатпай, аудиторияның сеніміне кіруге мүмкіндік беруде. Осы тұрғыда Абу Умар Саситлинский атымен танылған Исраил Ахмеднабиевтің қызметі және оның уағыздарының қазақстандық аудиторияға ықпалы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Тұлғаға қатысты деректер

Абу Умар Саситлинский, Дағыстанның Новосаситли ауылынан шыққан діни уағызшы әрі қайырымдылық жобаларын ұйымдастырушы ретінде танылған тұлға. Ол діни білім алып, әртүрлі мұсылман қауымдарында дәріс оқыған. Сириядағы қақтығыс кезінде босқындар мен соғыстан зардап шеккен тұрғындарға көмек жинау жұмыстарына қатысуы оның танымалдығын арттырды.

Сонымен бірге Ресейдің құқық қорғау органдары оған терроризмді насихаттау, террористік қызметке жәрдемдесу және адамдарды қарулы қақтығыс аймақтарына жіберуге қатысу жөнінде айыптар таққан. Ресей Тергеу комитеті оның ісіне байланысты қылмыстық қудалау жүргізілгенін ресми түрде хабарлаған.

Қазақстан үшін қаупі

1. Қайырымдылық арқылы сенім қалыптастыру қаупі

Қайырымдылық жасау қоғамда ізгі іс ретінде бағаланып, мұқтаж жандарға қолдау көрсеткен адамның халық сеніміне ие болуына ықпал етеді, алайда қалыптасқан осындай бедел кейін діни немесе саяси көзқарастарды тарату мақсатында пайдаланылған жағдайда, аудитория оның пікірлерін сыни тұрғыдан сараламай қабылдауы ықтимал.

Қауіп қайырымдылықтың өзінде емес, жиналған қаражаттың ашықтығы мен түпкілікті жұмсалу бағыты белгісіз болған жағдайда туындайды. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы жеке банк карталарына, электрондық әмияндарға немесе шетелдік есепшоттарға ақша жинау тәуекелді. Қазақстанның «Қайырымдылық туралы» заңында ерікті қайырымдылық жинайтын ұйымдардың терроризмді қаржыландыруға қарсы талаптарды сақтауға міндетті екені көрсетілген. Сондықтан Қазақстан азаматтары шетелдік уағызшылардың немесе белгісіз қорлардың үндеуі бойынша ақша аудармас бұрын:

  1. Қаражат жинаушы ұйымның ресми тіркелуін;
  2. Банк шотының кімге тиесілі екенін;
  3. Жиналған ақшаның жұмсалуы туралы есептің бар-жоғын
  4. Ұйымның Қазақстандағы құқықтық мәртебесін
  5. Оның терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізімінде болмауын тексеруі қажет

Интернет арқылы қашықтан радикалдану

Шетелдік уағызшының ықпал етуі үшін Қазақстан аумағына тікелей келуі міндетті емес. Оның уағыздары мен бейнематериалдары Телеграм, Ютуб, Инстаграм, ТикТок секілді әлеуметтік желілер арқылы кең аудиторияға жылдам таралуда. Әсіресе қысқа бейнероликтерде діни үкімдердің мәнмәтіннен үзіп берілуі, эмоциялық үндеулер мен «мұсылмандарға қысым жасалып жатыр» деген біржақты пікірлердің насихатталуы азаматтардың діни мәселелерді объективті бағалауына кері әсер етеді. Мұндай материалдарды жиі қарайтын адам біртіндеп:

  1. Тек бір уағызшыны ақиқаттың жалғыз өкілі ретінде қабылдауы;
  2. Отандық имамдар мен теологтарға сенімсіздік танытуы;
  3. Зайырлы мемлекет қағидаларын исламға қарсы құбылыс ретінде бағалауы;
  4. Өзге мұсылмандарды «адасқан», «дінсіз» немесе «биліктің адамы» деп бөлуі;
  5. Жабық діни топтарға қосылуы мүмкін.

Қазақстандық діни институттарға сенімнің төмендеуі

Шетелдік уағызшылардың бір бөлігі жергілікті діни басқармаларды, имамдарды және зайырлы мемлекеттік құрылымды мойындамауға шақырып жатады. Егер Қазақстандық азаматтар діни білімді тек осындай адамдардан алса, оның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, мешіт имамдарына және кәсіби теологтарға сенімі әлсірей түстініде сөзсіз. Соның салдарынан қоғамда «таза дінді ұстанушылар» және «адасқан көпшілік» деген жасанды бөлініс қалыптасады. Бұл діни ортадағы алауыздықты күшейтіп, ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебіне негізделген дәстүрлі діни ұстанымдарға қарсы көзқарастың таралуына жағдай жасауы ықтимал.

Жастарды жабық топтарға тарту

Радикалдану көбіне ашық парақшадан басталып, кейін жабық телеграм арналарына, мессенджер топтарына және жеке діни сабақтарға ауысады. Алғашқы кезеңде жастарға рухани қолдау көрсетіліп, достық қарым-қатынас орнатылады. Кейін оларға қоғамнан оқшаулануға, тек топ мүшелерімен араласуға және топ жетекшісіне сөзсіз бағынуға бағытталған түсініктер берілуі мүмкін.

Ерекше назар аударуды қажет ететін белгілер:

Адамның бұрынғы ортасынан күрт алшақтауы

Ата-анасын немесе туыстарын діни тұрғыдан айыптауы

Қазақстан заңдарына немқұрайды қарауы

Ресми имамдар мен теологтарды түгелдей жоққа шығаруы

Жасырын діни сабақтарға қатысуы

Шетелдегі белгісіз тұлғаларға ақша жинауы

Қарулы қақтығыстарды діни міндет ретінде ақтауы

Діни негізде өшпенділік білдіруі.

Сақал қою, орамал тағу, намаз оқу немесе дінді ұстану адамды радикалды көзқараста деп бағалауға негіз бола алмайды. Мұндай қорытынды сыртқы белгілерге емес, тұлғаның нақты ұстанымына, айтқан сөзі мен іс-әрекетіне, ортасымен байланысына және заң талаптарына көзқарасына сүйеніп жасалуға тиіс.

Қарулы қақтығыс аймақтарына тартылу қаупі

Радикалды насихаттың ең ауыр салдарының бірі – адамның шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысуға ниеттенуі. Мұндай үгітте соғыс аймағына бару «дінге қызмет ету», «мұсылмандарды қорғау» немесе «әділет орнату» ретінде көрсетілуі мүмкін. Ал шын мәнінде адам террористік ұйымдардың ықпалына түсіп, өзінің және отбасының өміріне қауіп төндіретіні сөзсіз.

Қазақстан азаматтарының шетелдегі заңсыз қарулы құрылымдарға қосылуы елдің ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірері сөзсіз. Осыған байланысты қақтығыс аймақтарынан елге оралған тұлғалардың әскери даярлығы, радикалды ортамен байланысы және деструктивті идеяларды тарату мүмкіндігі қоғамдық тұрақтылыққа нұқсан келтіретін елеулі қауіп факторлары ретінде бағаланады.

Діни және қоғамдық алауыздық

Өзге мәзһабты, ұлтты немесе діни қауымды кемсітетін уағыздар Қазақстандағы конфессияаралық келісімге зиян келтіреді. Радикалды риторика бірден күш қолдануға шақырмауы мүмкін. Бірақ адамдарды «дұрыс сенушілер» және «жаулар» деп бөлу, басқа топтарға өшпенділік қалыптастыру – зорлық-зомбылыққа апаратын идеологиялық ортаны дайындайды.

Қазақстанның экстремизмге қарсы заңнамасы діни араздықты, әсіресе зорлықпен немесе зорлыққа шақырумен ұштасқан әрекеттерді діни экстремизм белгілерінің қатарына жатқызады. Сондай-ақ экстремистік әрекеттерді ақтайтын және насихаттайтын ақпараттық материалдар да құқықтық бағалауға жатады.

Қазақстан қандай шараларға басымдық беруі керек?

Біріншіден, шетелдік уағызшылардың материалдарын тұлғасына қарап емес, мазмұны бойынша кәсіби діни және құқықтық сараптамадан өткізу қажет.

Екіншіден, шетелге бағытталған қайырымдылық жинақтарының ашықтығын арттыру маңызды. Қайырымдылық ұйымдары қаражаттың түсуі мен жұмсалуы туралы түсінікті есеп беруге тиіс. Қазақстан заңнамасы қайырымдылық және діни ұйымдар терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланылды деген күдік туған жағдайда тиісті ақпаратты уәкілетті органға беруді қарастырады.

Үшіншіден, жастарға тек тыйым салу немесе қорқыту жеткіліксіз. Оларға діни мәтінді контекстімен түсіну, уағызшының дереккөзін тексеру, манипуляциялық белгілерді ажырату және интернеттегі ақпаратқа сыни көзқараспен қарау дағдылары үйретілуі керек.

Төртіншіден, радикалды мазмұнды анықтау барысында азаматтардың заңды діни сенімі мен құқығын құрметтеу қажет. Дәлелсіз айыптау мен діндар адамдарды жаппай күдікке алу кері әсер беріп, олардың мемлекетке сенімін төмендетуі мүмкін.

Ернат Абдрахов

Нигде Өмер Халисдемир университетінің

PhD докторанты,

«Х. Досмұхамедов» атындағы университетінің

аға оқытушысы

«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы