Қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеттері діни радикализм мен экстремизмнің түрлі көріністерімен бетпе-бет келуде. Осындай идеологиялық ағымдардың бірі – суруризм. Бұл ағым сәләфизмнің саясиланған бағыты ретінде қарастырылып, діни догматиканы саяси мақсаттармен ұштастыруымен ерекшеленеді. Суруризм, қоғамдағы діни мәселелерді саясиландырып, мұсылмандардың бірлігіне қауіп төндіретін көзқарастарды насихаттайды.
Суруризм бағытының негізін сириялық Мұхаммед Сурур Зейнул Абидин (1938–2016) қалаған. Ол Сирияның Харран қаласында дүниеге келіп, алғашқы кезеңде «Ихуанул муслимин» («Мұсылман бауырлар») ұйымының белсенді мүшесі болған. Кейіннен ұйымнан бөлініп шығып, өзінің діни-саяси идеяларын Сауд Арабиясында тарата бастаған.
Мұхаммед Сурурдың көзқарастары сәләфилік сенім қағидаларын «Ихуанул муслимин» ұйымының саяси белсенділік идеяларымен ұштастыру арқылы ерекшеленеді. Сондықтан зерттеушілер суруризмді діни қағидалар мен саяси идеяларды біріктіретін ағым ретінде сипаттайды. Суруридің идеялары әсіресе 1990-жылдары кең тарала бастады. 1991 жылы Сауд Арабиясының АҚШ әскерлерін ел аумағына кіргізу шешіміне қарсы шыққан Мұхаммед Сурур билікті «тәкфирге» шығарып, күпірлікпен айыптаған. Билікпен арадағы қайшылықтардан кейін ол араб елдерінен кетіп, қызметін Ұлыбританияда жалғастыра бастаған.
Сурурилер ақида мәселесінде классикалық сәләфилік түсініктерді ұстанады. Сурурилерде иманның толық болуы үшін жүрекпен сеніп, тілмен айтумен шектелмейді. Олардың көзқарасы бойынша, иман амал арқылы расталып, іс жүзінде көрініс беруі тиіс. Осы түсінік негізінде намаз оқуды иманның маңызды көрінісі ретінде қарастырып, оны орындамайтын адамдардың діни көзқарасына күмәнмен қарап, тіпті кей жағдайда оларды мұсылман емес (кәпір) деп есептейді.
Бұл ұстанымда сурурилер мен мадхалиттер арасындағы діни-идеологиялық қайшылықтардың тереңдеуіне ықпал етті. Бұл қайшылық екі тараптың бір-біріне түрлі діни айыптаулар тағуына алып келді. Сурурилер мадхалит өкілдерін (Назратулла Абу Марьям», «Ринат Абу Мухаммад) «муржиттік» көзқарасты ұстанушылар деп санаса, мадхалиттер сурурилерді «құтыпшылық» пен «ихуандық» идеялардың ықпалындағы топ ретінде көріп, кей жағдайда «харижи» деумен қатар «тәкфир» деп те атай бастады. Сурурилер өздерінің идеологиялық негіздерін Ибн Тәймияның діни көзқарастары мен «Ихуанул муслимин» ұйымының көшбасшылары Хасан әл-Банна және Саид Құтыптың саяси идеяларына сүйенеді. Алайда олардың діни-саяси тұжырымдамасы аталған тұлғалардың еңбектерінен де өзгеше сипатқа ие.
Зерттеушілер суруризмді діни радикализмге бейім ағымдардың қатарына жатқызады. Өйткені бұл ағым діни мәселелерді саясиландыруға бейім келеді. Оның өкілдері діннің мемлекеттік саясатқа ықпал етуін қолдап, мұсылман мемлекеттерінің мұсылман емес елдермен қарым-қатынасына шектеу қою қажет деп санайды. Сондай-ақ діннің мемлекет басшысының саясатына немесе ел басқару жүйесіне араласуы міндет деп есептейді.
Кейбір зерттеушілердің ойынша, сурурилер мемлекет пен дінді толық бөлу идеясын қолдай бермейді. Сондықтан олар елдегі саясат пен билік шешімдерін тек зайырлы немесе құқықтық тұрғыдан емес, діни қағидаларға сүйеніп бағалауға тырысады. Мұндай көзқарас қоғамдағы тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін. Себебі діни мәселелердің саясилануы әлеуметтік және конфессияаралық шиеленістердің пайда болуына ықпал етеді. Кей жағдайда саяси мақсаттарына жету үшін кез келген тәсілді қолдануға, соның ішінде қарулы қақтығыс жасауға баруыда мүмкін.
Сурурилер өз мақсаттарына қол жеткізудің бір жолы ретінде қоғам арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді орынды деп есептейді. Алдымен өз жақтастарының санын көбейтуге күш салып, кейін қоғамдағы ықпалын арттыру арқылы саяси талаптар қоюға, тіпті меммелетті күшпен алуға ұмтылады. Бұл әдістер «Ихуанул муслимин» және діни экстирмиздік ұйымдардың амал-тәсілдеріне ұқсас екендігі байқалады.
Бұл бағыт өкілдері мұсылмандықтың өлшемін көбіне адамның амал-әрекетімен байланыстырып бағалайды. Яғни, діндарлықтың негізгі көрсеткіші ретінде намазды діни амал ретінде алға тартады. Осы себепті діни міндеттерді яғни намазды орындамайтын адамдарға, тіпті өздерінің жақын туыстарына да олардың имандылығына қатысты күмәнмен қарай бастайды. Нәтижесінде туыстарының діни көзқарасын түзету немесе өзгерту қажет деп, өз көзқарасын енгізуге тырысады. Діни сенім мен ақида мәселелерін негізге алған мұндай көзқарастар кей жағдайда қоғамдағы діни бірлікке әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда ҚМДБ-ның ұстамы «матуриди» ақида мектебін секталық бағыт деп насихаттап, мұсылмандар арасында бүлік шығартады. Нәтижесінде мешіт жамағаты арасында пікір қайшылықтары пайда болып, мұсылман қауымының бірлігіне нұқсан келуі мүмкін.
Қазіргі кезеңде сурурилік идеялар интернет пен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таралуда. Әсіресе Ютуб платформасындағы түрлі арналар мен уағыздар жастардың діни санасына әсер етуде. Олар көбінесе «Китаб ут-Таухид», «Үш негіз», сондай-ақ «Әһлю әс-Сунна уәл-Жамаа» және ютуб платформасындағы «Al-Igtisam» арнасы сияқты дереккөздерді пайдаланады. Бұл арнада Қазақстандағы діни аудиторияға бағытталған материалдар жарияланып, кейбір видеоларда зайырлы мемлекеттік жүйе мен билікке қарсы діни-саяси пікірлер де кездеседі. Мысалы, «Притеснение мусульман в Казахстане» (18.03.2021) және «О ситуации в Казахстане» (09.01.2022) атты бейнематериалдар жарияланған.
Қазақстанда діни радикализмге бейім және дінді саяси мақсаттармен ұштастыратын сурурилік орыс тілді аудитория арасында Дағыстаннан шыққан «Абу Умар Саситлинский» және даргиндік «Абдуллах Костекский» кейбір уағызшылардың дәрістері танымал болғаны байқалады. Сарапшылар мұндай контенттерді тұтынуда сыни ойлау қабілетін сақтап, діни ақпаратты тек ресми және сенімді дереккөздерден алудың маңыздылығын атап көрсетуде.
Әлемдік деңгейде танылған идеологиялық ағым өкілдері ретінде Сауд Арабиясынан Салман әл-Ауда, Насыр Омар, Аид әл-Қарни, Мұхаммад әл-Арифи және Мысырдан Мухаммад Хасан, Мухаммад Хусейн Яъқуб, Мұстафа әл-Адәуи сияқты уағызшыларды атауға болады.
Қазақстан үшін діни тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты азаматтардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі діни танымды ұстану және радикалды ағымдардың ықпалынан сақтану өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Мұндай қатерлердің алдын алуда дұрыс діни білім алу, ҚМДБ-ға қарасты білікті имамдар мен ұстаздардың насихатын тыңдау негізгі әрі сенімді жолдардың бірі.
Ернат Абдрахов
Нигде Өмер Халисдемир университетінің
PhD докторанты,
«Бәріміз біріміз үшін» қоғамдық қорының теологы


